Нұротандықтар Кіші Талдыкөлді сақтау мәселелерін талқылады
Ағымдағы жылдың 24 желтоқсанында «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалында партия жанындағы аймақтық Экологиялық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Кеңес мүшелері отырыс кезінде Кіші Талдыкөлді сақтау, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне 2021 жылғы 21 қазандағы кеңестің VI отырысында берілген ұсыныстардың орындалуы мәселелерін талқылады.
Ең алдымен, аймақтық экологиялық кеңестің мүшесі Батырбек Мусин Кіші Талдыкөлдің бүгінгі жағдайы бойынша баяндама жасады. 21 қазан күні өткен кеңесте айтылған мәселелер бойынша ешқандай жұмыс жасалмағанын және әкімдікке жіберілген ұсынысқа жауаптың мерзімінен кеш келгенін атап өтті. «Заң жүзінде жіберілген ұсынысқа жауап 15 күн аралығында берілу керек болса, бізге жауап 25 қараша күні келген. Демек, арада 1 айдан аса уақыт өткен. Және де келген хатта біз ұсынған ұсыныстардың ешқайсысына мардымды жауап берілмеген» – деді ол.
Талдыкөл көлінің жағдайы бойынша көп мәселені көтеріп жүрген, орнитолог Руслан Оразалиев әр айда түсірілген суреттерді көрсете отырып, уақыт өткен сайын құрылыс алаңының аумағы үлкейіп бара жатқанын айтты. Сонымен қатар, қоқыстардың да осы жаққа төгіліп жатқандығын атап өтті.
«Біз таза ел үшін» акциясының ұйымдастырушысы Шасалим Шагалимов айтуынша, бұл мәселе бойынша экологиялық прокуратурамен тікелей жұмыс жасау керек және де құрылыс компанияларының эко-полигон мекелерімен байланысын қадағалау керектігін ескертті. Сондай-ақ, Шасалим Шагалимов өз сөзіңде қалада кезекті ФОНДОМАТ құрылғыларының орнатылғанын айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша, кеңес мүшелері келесі отырысқа әрбір мекемеден жауапты тұлғалардың қатысу керектігін баса айтты. Себебі әрбір қойылған сауалға нақты жауап алып, мәселені шешу жолдарын қарастырмаса Кіші Талдыкөлді сақтауға жасаған әрекеттер зая кетеді. Және де қосымша эколог, гидролог мамандарды да шақырту қажет. Кеңес барысында әрбір айтылған пікір ескеріле отырып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне тағы да ұсыныстар жіберілетін болады.