Қоғам

Мұсылман әйелдің бақыты

Бұл күнде қаншама бойжеткен ару қыздарымыздың «Иә, мен сенің өмірлік жарың болуға келісемін»- деген уәделі сөздерін естіп, некелесу рәсімдерінің куәсі болудамыз. Жанымызды қуантарлық хабар естігенде, әсіресе, Аллаһ Тағаланың разылығы үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетін жалғастыруға атсалысып жатыр дейміз. Шаңырақ көтеру, ата-ананы разы қылу, туыс-туғанды жинап бата алу қазақтың дәстүр сабақтастығына айналған.

«Жаратқан осы екі пендеңе бақыт сыйла», – деп тілек айтып, дұғамызға қосамыз. Қазақта құда түсу рәсімімен бастап, той жасау, шілдехана, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, тілашар сияқты тойлар бірінен кейін бірі жалғасын тауып жатады. Иә, өмір кең дария. Бірақ, көп адамды мазалайтын ой – кейін қалай бақытты өмір сүрсек болады?

Әр адам өз бетінше бір тұлға, әр тұлғаның ақылы деңгейінде қалыптасқан мінезі бар, сол мінезіне байланысты  адамның іс-әрекеті, ал, іс-әрекетіне байланысты оның өмір сүру дағдысы пайда болады. Отбасы -ер мен әйелдің тіл табысуы арқылы құрылса, отбасының кеңеюі немесе құлауы осы шаңырақтағы мейірімділікке байланысты. Әр отбасы бақытты ғұмыр кешуді қалайды. Бақытты адамдар күнделікті түрлі іздейді. Біреулер бақытты байлықтан іздесе, біреулер оны денсаулықтан, біреулер қаладан, біреулер даладан іздейді. Шындығында бақыт деген не? Ал, әйел бақыты неде? – деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Бұл сұраққа жауап ретінде, жақын арада жақсы адаммен болған мынандай диалогты сіздерге ұсынғым келіп тұр: «Айналайын, мен үшін бақыт әуелі жаратушы Аллаһ Тағаланың сыйлаған бір  күнінде» – деп әсерлі әңгімесін былайша жалғасты «Таң қалай рай бере бастаса төсегімнен тұрып, Жаратушыға мадақ айтып, берген таңына рахмет айтумен күнім басталады.  Жолдасыма: «Намаз уақыты кірді» – деп оятып, оның аман-есен бой көтергенін көргенде қуанып қаламын. Тахарат алып, намаз оқығаннан кейін дастархан жайып, жолдасыма дәмді шәйін беріп, ол қуанатындай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен немесе жақсы әңгіме айтуға тырысамын. Оның жылы жүзіне, күлімдеген көзіне қарағанда  өзімді менен бақытты әйел жоқтай сезінемін. Уақыт деген зымырандай, сәлден соң жолдасымды жұмысына шығарып салуға әзірлік жасаймын. Таза киімдерін беріп, аяқ киімін ұсынып «Аман барып қайт» – деген тілегімді де естіртемін. Оның қабағынан «Әй, жаным! үй-іші  саған аманат» – дегендігін сезінгендей, үй ішіне қарау менің борышым екенін аңғарып, ұл-қызымды оятып, мейіріміме бөлеп, таңғы астарын беріп, сабаққа баратындарын мектепке жіберіп, үйде қалғандарына үй шаруасына қолғабыс болуларын сұрап жатамын. Иә, әйелдің ерекшелігі үй шаруасында ғой. Әрбір зат әйел қолына мұқтаж екен. Үй тазалығы, ас әзірлеу, іс тігу, тоқыма тоқу, құрақ құрау істері әрдайым әйелдің ынтасын талап етеді. Мен үшін тағы бір бақытты шақ жолдасымның жұмыстан оралар шағы. Кешкі ас мәзірін дайындап, асыл жарымды жұмыстан күтпестен бұрын, айна алдында келбетімді түзеуге тырысам, есік ашылған сәтте, әдеттегідей жолдасым «Ассалямуәлейкум» – деп үйге кіріп, қолындағы бұйымтайларын ұсынып жатады. Иә, отағасы болған қандай жақсы десеңізші, бала-шағаға деген тәтті-дәмділері, балалар да «Әке» – деп жүгіріп келеді, әсіресе, кенже баласының мойынына асылғанын көргенде «Өмір бақыты осы ғой» – деймін әрдайым. Бір дастархан басында шулаған бала-шаға, әрқайсысына ас жетсін деп уайым қаққан мен, әрбірінің ыдысын аңдумен боламын. Балапандарымның әңгімесіне тоймаған әке, ас іше отырып, олардың күні бойы көрген-білгендеріне күлімсіреп, менің жүзіме қарап, осыншама бала-шағасын дүниеге әкелгеніме сондай разы екенін аңғартқанда, жүрегім қуаныштан жарылып кетердей күй кешеді. Балдәурендер тарқап бөлмелеріне кеткенде, дастархан басында екеуіміз қалып, менің халімді сұрағанда, еркелікпен шаршағанымды айтып қалатын әдетім бар. Сол кезде  «Шаршама, барлық қазына бір Алланың жанында, мен саған разымын, бір Алла да саған разы болсын!» -деген күш берер демеу сөздерін естігенде, күш алғандай боламын. Иә, Аллаһ Тағаланың берген бір күні осы іспеттес аяқталып жатады. Балаларым ұйықтаған кезде түн намазын оқуға кірісіп, осы отбасыма, туған-туыстарыма амандық тілеп, Алланың берген нығметтеріне разы болып сәждеге барғанда көздеріме жас алатын сәттерім де болады. Осылайша ертеңгі күнімнің тілеуін тілеп, түн ұйқысына жатамын». Осындай ғибратты ғұмыр баршамызға үлкен насихат.

Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-тен  «Жақсы әйел қандай?» – деп сұрағанда: «Күйеуі жүзіне қарағанда қуандыратын, күйеуі бұйырғанда орындайтын » – деп жауап беріпті және де: «Қандай да бір әйел Аллаға иман келтірсе, күнделікті бес уақыт намазын оқыса, Рамазан айында ораза тұтса және күйеуіне бағынса, Аллаһ Тағала қиямет күні ол әйелге жәннәттің сегіз есігіннің қайсысын қаласаң да кір деп бұйырады» деген хадисі есіме түсіп, сөзсіз, әйел бақыты күйеуін сыйлап, оның разылығын алуда екенін түсіндім.

Т. Қожахметова
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button