ШҚО-да әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде
Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолын айқындау маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміздің әлеуметтік жауапкершілік принциптерін ұстанатыны атап өтілді. Мемлекет әлеуметтік төлемдер мен қолдауды күшейтуге ерекше назар аударып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға күш салуда.
2024 жылдың басынан бастап елімізде зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті. Бұл шаралар халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға және табыстарын арттыруға бағытталған.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз ету алдыңғы қатарлы міндеттердің бірі екенін айтты.
– Қазіргі уақытта облыста әртүрлі әлеуметтік осал топтарға жататын 300 мыңнан астам азамат тұрады. Олардың қатарында 140 мың зейнеткер, 27 мың мүгедек адам, 13 мың көпбалалы отбасы бар. Заңнама аясында азаматтардың кірістерін арттыруға және әлеуметтік кепілдіктерді іске асыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды іске асырылуда. Өткен жылы ғана экономиканың түрлі салаларында 32,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл атаулы әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
2024 жылы облыста 1 млрд теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 8 560 азамат қамтылды. Оның ішінде 5 396 бала бар. Сонымен қатар, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің жалпы сомасы 302 млрд теңгені құрады.
Нұрымбет Аманұлы аймақтағы әлеуметтік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын, әсіресе халықтың әлсіз топтарына арналған көмек көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттің қолдауы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуда.
«Әлеуметтік қолдау – аймақтық саясаттың басым бағыттарының бірі. Әрбір тұрғынның әл-ауқатын арттыру үшін нақты жұмыстар атқарылуда. Жаңа тәсілдер мен қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Президентіміздің тапсырмаларына сәйкес, халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіледі», – деп атап өтті ол.
2025 жылдан бастап әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері енгізілмек. Мәселен, облыста атаулы әлеуметтік көмек медианалық табыстан есептелетін болады. Бұл халықтың табысы мен өмір сүру деңгейін ескеріп, көмек көрсету тиімділігін арттырады. Атап айтқанда, облыс бойынша медианалық табыс 114 566 теңге болса, кедейлік шегі 40 098 теңгені құрайды.
2024 жылы облыста зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 302 млрд теңге бағытталды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері орта есеппен 8,5%-ға өсті. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 32 360 теңгеден, ең жоғарысы 50 851 теңгеден басталады. Сондай-ақ, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған азаматтарға және көпбалалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар да ұлғайтылды. Мысалы, 4 баласы бар отбасыларға жәрдемақы 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін өсті.