Нұр-Сұлтанда әскерге шақырылғандарға әскери атақтар берілді
“Нұр-Сұлтанда короновирус індетімен күресіп жатқан әскерге шақырылған әскери міндетті еріктілерге әскери атақтар, грамоталар мен арнайы белгілер берілді.
“Бүгін біз Отан қорғаушылар күнін атап өтіп жатырмыз. 28 жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Қарулы Күштердің басты міндеті — мемлекетті сыртқы қауіп-қатерден қорғау. Бұрын ата-бабаларымыз ашық майданда қан кешіп елімізді қорғаса, бүгінде көзге көрінбейтін жаумен күрес жүріп жатыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарды арнайы әскери жиынға шақырған кезде әскери міндетті еріктілер ықылас танытып, қатысуға ниет білдірді.
Нұр-Сұлтанда жұмысқа 150 әскери міндетті еріктілер қатысты.
Күн сайын маңызды міндеттерді атқарып келесіз: карантиндік шаралардың сақталуын бақылап, өткізу-бақылау бекеттерінде жұмыс атқарудасыздар. Осы уақыт ішінде өткізу-бақылау бекеттерінен 7 мыңнан астам жүк машинасы өтсе, жедел штаб арқылы 180 мыңнан астам өтінім өңделді. Сіз 6 млн. шаршы метрден астам дезинфекция жұмыстарын жүргіздіңіз, басқа да жауапты жұмыстар атқардыңыз. Осының барлығы вирустың таралуын болдырмауға, қала тұрғындарын қауіпті аурудан қорғауға мүмкіндік береді. Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын”, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскерге шақырылғандардың атқарып жатқан жұмысы олардың кәсіпқойлығының көрсеткіші екенін айтты. “Күн сайын қаланы күзетіп, тәртіптің қатаң сақталуын қадағалап жүрсіздер. Атқарып жатқан жұмысыңыз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерді мақтан тұтамыз”, – деп атап өтті.