ҚР Үкіметінің 2016 жылдың 23 желтоқсанындағы қаулысы негізінде бекітілген елорданың бас жоспарын және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын іске асыру аясында қаланың жинақы құрылысы бойынша қажетті іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 20 гектар аумаққа созылған Кіші Талдыкөл (Сығанақ көшесінің солтүстігі, Е22 көшесінің оңтүстігі, Тұран даңғылының шығысы және Ш.Айтматов көшесінің батыс жағы) су айдыны сақталатынын хабарлайды.
Бұл — сулы-батпақты орын және судың химиялық мөлшері шекті нормадан бірнеше есе асып, адам денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Сол себепті бұл аймақ тазартылады. Сол сияқты су деңгейін көтеру үшін түбін қазу жұмыстары жүргізілмек. Осылайша батпақты жер тазартылған тоғанға айналып, маңайында саябақ ашылады.
Сулы-батпақты орынның іргелес аумағы абаттандырылады. Онда әлеуметтік нысандар: тұрғын үйлер, 2,5 мыңға жуық оқушыға арналған оқу орны, балабақша, медициналық орталық және т.б. ашылатын болады.
Айта кету керек, сулы-батпақты орынның Талдыкөл көлімен табиғи байланысы жоқ. Жер үсті ағындары мен жер асты сулары арқылы өзара қосылмайды. Қазіргі уақытта сулы-батпақты орын органикалық қосылыстар әсерінен шіріп кетуі және қоқыстың жиналуынан жағымсыз иіс шығатын және жәндіктер (масалар, кенелер) таралатын ошақ болып саналады.
Бұл орынға далалық өлшеулерді гидрографиялық жұмыстармен бір уақытта жүргізу барысында химиялық құрамын зерттеу үшін шөгінділерге сынама жүргізілді. Кіші Талдыкөлде адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін көптеген химиялық зат бар. Құрғақ қалдық 6,3 есе, темір мөлшері 6,2 есе, хлоридтер құрамы 9,5 есе, сульфаттар 12 есе, аммиак 5 есе артық. Сонымен қатар, Сығанақ көшесі маңындағы аммиактың мөлшері 2,5 мг құрады, бұл ШРК-дан (шекті рұқсат етілген концентрация) 1,5 есе асады.
Сондай-ақ, зерттеу нәтижесі бойынша су сапасы шаруашылық, ауыз су, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға жол берілмейді.
Талдыкөлдің (үлкен Талдыкөл) өзінің экологиялық инфрақұрылымы болатынын атап өткен жөн. Талдыкөл көлінің жанынан қорық және орман-саябақ аумағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Тартымды орынға айналатын екінші экопарк Майбалық көлінің жанында (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы) болмақ.