“Елордалық «Mega Silk Way» СОО-да коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Вакцинаның бірінші компонентін СОО қызметкерлері, бутиктерді жалға алушылар, сатушылар және орталық қызметкерлері алды”,- деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Бұдан басқа, тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинациялау алдын ала жазылу арқылы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында, яғни емханаларда, отбасылық денсаулық орталықтарында, дәрігерлік амублаторияларда және т.б. орындарда жүзеге асырылады.
Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайды. Олардың жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды. Вакцинаны алуға egov мобильдік қосымшасы арқылы немесе 109 нөмірі бойынша call-орталыққа қоңырау шалу арқылы жазылуға болады.
«Бүгін тестілік режимде СОО қызметкерлерін вакцинациялай бастадық. Мұнда шамамен 100 адам бар. Вакцинациядан бұрын олардың бәрі дәрігерлердің міндетті медициналық тексеруінен өтті. Ал СОО-да бригадалар кезекшілік етеді. Вакцинацияға рұқсат берілгендер егіледі», — деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Сондай-ақ, ол СОО-да қала тұрғындарын жаппай вакцинациялау қашан басталатынын қозғап өтті:
«Бүгін қалалық санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша СОО келушілер үшін жабық. Сол себепті дүйсенбіде СОО-да орналасқан егу орталығы тұрғындарымызды да, орталыққа келушілерді де вакцинациялай бастайды».
Қазіргі уақытта елордада вакциналардың жеткілікті мөлшері бар. Сәуір айының соңына дейін Нұр-Сұлтанға 250 мыңнан астам доза келеді. Жалпы, әр апта сайын денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына «Спутник V» жаңа партиясы келіп түседі.
Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы 26 мыңнан астам адам екпе алды. Қажет болған жағдайда халықты вакцинациялау пунктері бірқатар СОО мен қонақүй кешендерінде ашылатын болады.