Алматыда “Қазақстан мұғалімі – 2020” ұлттық сыйлығының жеңімпаздары мен финалистері жарияланды. Он лауреат арасында Қарағанды облысынан екі қатысушы бар. Беделді марапатты Қарағандыдан Ольга Ким және Теміртаудан Елена Варганова алды.
Үздік мұғалімдерге бағалы сыйлықтар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің теңге сарайынан дайындалған алтын құймалар табыс етілді. Барлық лауреаттар миллион долларлық жүлде қоры бар “Әлем мұғалімі – 2021” (Global Teacher Prize 2021) жаһандық сыйлығына ұсынылатын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға қатысуға 200 өтінім берілген. Номинанттарды іріктеу жаһандық сыйлықтың ұйымдастырушысы болып табылатын Варке Қорының (Varkey Foundation) критерийлері бойынша жүргізілді.
Ольга Ким білім беру саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Бастауыш сынып мұғалімі Қарағандының №27 орта мектебінде ерекше балаларды оқытады. Осы оқу орнының базасында Инклюзивті білім берудің Ресурстық орталығы жұмыс істейді. Ольга Ким өзінің бағдарламаларын әзірледі, онда ол үйретілген иттермен канис терапиясын, анимацияны және құммен сурет салуды қолданады.
– Мен мұғалім, логопед және дефектологпын. Менің мамандығым – нашар көретін, еститіндерге, денелерін басқаруға қиын адамдарға сөйлеуді үйрету. Мен жұмыс істейтін мектеп – бұл менің жүрегімнің мектебі, бізде әр түрлі балалар бірге оқиды. Әр бала жеке тұлға. Оның қажеттіліктері мен таланттары қандай екенін түсініп, өзін дамытуға, өрге сүйреуге көмектесу керек, – дейді Ольга Ким. – Тек жылдар өте бірде бір институтта үйрете алмайтын – анықтамада жазылған диагнозды тереңірек көзбен емес, жан дүниеңмен көрердей тәжірибе жинауға болады.
Елена Варганова – Теміртауда танымал экобелсенді. Ол №16 жалпы білім беретін орта мектепте экология және өзін-өзі тану пәндерінен сабақ береді.
– Мен мектепке 1999 жылы келдім. Экологиялық білім нөлден басталды. Әдебиет, оқу құралдары болған жоқ. Алдымен балалармен экологиялық ертегілер ойлап табылды. Содан кейін театр үйірмесі пайда болды. Келесі қадам Нұра өзенінің жағасында табиғатқа саяхат болды, – деп еске алады мұғалім.
2009 жылы оның тәрбиеленушілері мектеп экологиялық театрының жобасымен Республикалық байқауда жеңіске жетті. Оқушылар экосенбіліктер ұйымдастырып, “Дем ал, Теміртау!” экочелленджін бастады. Жақында мектепте мобильді экологиялық мұражай пайда болуы мүмкін – оның тұжырымдамасын балалар мұғаліммен бірге жасаған.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Үздік әлеуметтік жоба үшін – Ольга Кимді, экологиялық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін – Елена Варганованы алғыс хаттармен марапаттады.
“Қазақстан мұғалімі” ұлттық сыйлығының ұйымдастырушысы – қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры. 2019 жылы ол Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының ресми өкілі болды.
Биыл байқау екінші рет өткізілді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2020 жылғы лауреаттарды марапаттау рәсімі шектеулермен және залда 30 адамнан аспайтын қатысу талаптарын сақтай отырып өтті. Youtube-арнасында National Teacher Prize Kazakhstan онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.