Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын Қасым-Жомарт Тоқаев таныстырды
Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде Парламент Мәжілісі сайлауына арналған партиялық тізімді, партияның сайлауалды бағдарламасын бекіту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Елордада өтіп жатқан партия съезіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысып отыр.
Съезд барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның «Қазақстан-2021: Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
«Біздің бағдарламада төрт негізгі басымдық бар. Әрбір азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер беру керек. Мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуі тиіс. Ең бастысы – әлеуметтік әділеттілік. Сондықтан біз мұқтаж жандарды қолдауға көп көңіл бөлеміз», – деді Тоқаев Nur Otan съезінде.
Президент әлеуметтік саясатты жүргізу кезінде қиын жағдайға тап болған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі шаралар күшейтілетінін айтты.
«Таяудағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетін болады. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Сонымен қатар, біз мұны инфляция деңгейіне екі пайыз қосу арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.