«Nur Otan» партиясының праймеризінің үшінші кезеңі аяқталды – Бауыржан Байбек
Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Құрметті достар! Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Nur Otan» партиясының тұңғыш республикалық праймеризі аяқталды.
Ол үш ай бойы – 17 тамыздан 17 қарашаға дейін жүрді.
Бұл үш ай үміткерлер үшін де, сол секілді партияның орталық аппаратынан бастап аудандық филиалдарына дейінгі барша қызметкерлері үшін де үміт пен күдікке толы қарбалас сәт болғаны сөзсіз. Осындай ауқымда праймериз өткізу оңайға соқпады. Десе де, партия Лидері мен партияластардың, сондай-ақ Жақтастар Лигасының қолдауының арқасында біз «Nur Otan»-ды «қайта жандандыру» бойынша алға қойылған міндеттерді тиісінше орындап шықтық.
Іріктеу процесінің ашықтығы мен айқындығының арқасында праймеризге деген жұрт қызығушылығы осы кезең ішінде толас таппады. Дауыс берудің бірінші кезеңіне 662 мыңнан аса адамның, яғни барша нұротандықтардың 84%-нің қатысуы – осының айғағы. Праймеризге қатысқан 10 мың үміткердің әрқайсысының өз жақтастары мен бақылаушылары болды. Бұл аталған іс-шараға 1,5 миллиондай қазақстандықты тартуға мүмкіндік берді.
Партияішілік іріктеу ел ішіндегі белсенді де талантты жандардың өздерін көрсетіп, идеяларын таныстыруына, жаңа жақтастар мен достар табуына жол ашты. Сонымен, екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 6253 адам «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған партиялық тізімдеріне енді.
Күні кеше ғана праймериздің үшінші кезеңі аяқталды. «Nur Otan»-ның Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне арналған партиялық тізіміне 17 өңірден кандидаттар анықталды.
Пікірсайыстар қорытындысы бойынша 267 үміткердің ішінен жасырын рейтингтік электронды дауыс беру арқылы 78 адам сайланды.
Оның ішінде 9 кандидат – праймеризге қатысу үшін қатарымызға қосылған партияның жаңа мүшелері. Партиялық тізімге Мәжілістің қызметтегі депутаттарынан 5 адам енді.
Партиялық тізімнің үштен біріне жуығын әйелдер құраса, ал 12 кандидат – 35 жасқа дейінгі жастар. Жеңімпаздардың орташа жасы – 47 жас.
Олардың 27%-ті – шағын және орта бизнес өкілдері, 24,5%-ті – экономистер, 11,5%-ті – заңгерлер, ал 6 кандидаттың ғылыми дәрежесі бар. Әсіресе, өнеркәсіп, мемлекеттік басқару, білім, денсаулық сақтау, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың өкілдері басымдыққа ие.
Осы орайда праймеризде топ жарғандарды құттықтай отырып, Елбасы, партиямыздың Лидерінің бастамасына қолдау білдіріп, саяси додада бақ сынаған 10 мың қатысушының әрқайсысына шынайы алғыс білдіремін!
Қымбатты достар, сіздердің арқаларыңызда праймериз партиялық «әлеуметтік лифт» арқылы талантты да белсенді, ел тағдырына алаңдайтын азаматтарды жауапты істерге араластырудың пәрменді құралына айналды. Мұнда ешкім де ұтылған жоқ. Бәрі де игілікке жетті. Әсіресе, еліміз үшін игі іс болды! Партиялық тізімдер бойынша сайлау жүйесін енгізу аясында біз бәріміз бірге елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға жол аштық.
Оң тәжірибені ескере отырып, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan»-ның Жарғысына партияның праймериз – партияішілік сайлауын өткізуі туралы норманы енгізуді тапсырды. Жарғыға енгізілетін өзгерістердің тиісті жобасы биылғы 25 қарашада өтетін партияның кезектен тыс ХХ Съезінің бекітуіне шығарылады.
Бұл ретте Елбасы бастамашылық еткен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партияны «қайта жандандыру бағдарламасы өз тиімділігін көрсеткенін нақты айтуға болады.
Заман алға тартқан талаптарды уақтылы ескере отырып, «Nur Otan» тек жаңарып қана қоймай, бәсекелестік негізде жұрт қолдауына ие болған партиялық тізімді қалыптастырды. Сондай-ақ, әрбір аудан, қала және өңір бойынша халық пікірі барынша ескерілген 216 сайлауалды бағдарламаны қабылдады.
Біз бекем бірлік пен берекелі тірлікке сүйене отырып қана елімізді өркендетеміз!», – деп жазды Бауыржан Байбек.