Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шаралары туралы айтып берді.
«Біздің барлық күшіміз инфекциямен күресуге және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтауға бағытталған. Жалпы, КВИ-мен күреске 5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде медициналық техника мен жабдықтарды сатып алуға 3,4 млрд теңге, дәрілік заттарды, жеке қорғану құралдарын және аппараттарды ӨЖЖ сатып алуға – 1,3 млрд теңге бағытталды. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап 3 600-ден астам медицина қызметкері 2,9 млрд теңге көлемінде үстемеақы мен сыйақы алды», – деп хабарлады өңір басшысы.
Ол санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті. 315 төсек-орын стационарларда орналастырылған, ал қажет болған жағдайда 10 есеге ұлғайтылады. Сондай-ақ, шетелден ПТР-тестсіз келгендерге арналған 440 төсек-орындық 3 карантиндік стационар жұмыс істейді.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша қажетті шаралар қабылданды. Жалпы, облыс бойынша 12 заманауи компьютерлік томограф, 11 стационарлық рентген-аппарат, 353 ӨЖЖ аппараты, 405 оттегі концентраторы, 626 Бобров аппараты және 250 оттегі жастығы орнатылды, 26 санитарлық көлік бірлігі сатып алынды, тағы 15 бірлігі қарашаның соңына дейін жеткізіледі, 6 мобильді жылжымалы кешен және жолдағы КамАЗ базасындағы 2 жылжымалы медициналық кешен әкелінеді. Биліктің көмегімен 5 жергілікті кәсіпорын 90 мың литр дезинфекциялық және антисептикалық заттар шығаруды жолға қойды, 70 компания күніне 100 мыңнан астам медициналық маска шығара алады.