Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, аурухана ғимаратының корпустарын бөлшектеу, үй-жайларды (кабинет) алғашқы өңдеу, инженерлік коммуникацияларды қайта жүргізу және өзде де жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Күрделі жөндеуден кейін аурухана базасынан қосымша инсульт орталығы мен нейрожарақат бөлімшесі ашылады деп жоспарланып отыр. Осыған сәйкес керекті медициналық құрал-жабдықтар мен магнитті-резонансты томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) және ангиографиялық қондырғы орнату қарастырылып жатыр.
№2 қалалық аурухана – қаладағы жалғыз толыққанды көпсалалы аурухана. Мұнда соңғы рет күрделі жөндеу жұмысы 1975 жылы жасалған. Ауруханада 120 төсек-орынды босану бөлімі бар. Бөлімде жылына жеті мың әйел босанады. Ал емхана бөлімшесіндегі мамандар 50 мыңнан аса адамға көмек көрсетеді.
Одан бөлек, Соvid-19 инфекциясы өршіген тұста 260 төсек-орынды провизорлық стационар жұмыс жасаған. Стационарға 1 788 науқас келіп түскен. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақталуына байланысты провизорлық стационардағы 120 төсек-орын уақытша жабылып, штаттық режимге көшкен. Ал 140 төсек-орынды провизорлық стационар өз жұмысын әлі де жалғастыруда.