06Қоғам

Қазақстан мұнайының 55 пайызы Атырауда өндіріледі

«Бұл туралы Махамбет Досмұхамбетов мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған телекөпір форматында өткен жиын барысында айтты» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

«Қазіргі кезде Атырау – Қазақстанның ең ірі индустриялық орталығына айналды. Елде шығарылатын мұнайдың 55 пайызы Атырауда өндіріледі. Мәселен, облыста 2020 жылдың 7 айында 28,5 млн тонна мұнай мен 14,7 млрд текше метр газ өндірілді» деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов отандық экономикада мұнайдың маңызы жоғары екенін атап өтті.

Облыс әкімінің пікірінше, арнайы экономикалық аймақ аумағында газ-химия кешенінің салынуы – шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

«6,5 млрд АҚШ долларына бағаланған жобаның бірінші фазасы 2021 жылы іске қосылады. Аймақта ірі жобалардың жүзеге асып, өңірдені өнеркәсіптердің дамуы білікті мамандарға деген сұранысты арттырды. Сондықтан, мұнайшылар ұстаханасына айналған Атырау мұнай және газ университеті үшін де озық технологияға жетік және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау талабы артып отыр» деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ аймақ басшысы мұнайшыларды келе жатқан мұнай-газ кешені қызметкерлері күнімен құттықтады. «Қара алтынды өндіруде алғашқы күннен бастап әр жылдары табысты еңбек еткен мұнайшыларымызды әрқашан мақтанышпен еске аламыз. Іргелі істерді жалғастырып, елдің көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген қазіргі мұнайшылардың да ерен еңбектерін атап өткім келеді», деген ол мұнайшылардың егемен еліміздің жарқын болашағы үшін жасап жатқан толайым жұмыстарына табыс тіледі.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде телекөпір форматында өткен жиын барысында ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова, Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев , «КазНИГРИ» ЖШС директоры, Индустриялды комитет төрағасының орынбасары Асқар Мұнара құттықтау лебіздерін жолдады.

Еске сала кетелік, бүгінгі таңда облыста 25 мұнай-газ өндіруші және 100-ден астам мұнай-газ сервистік компания қызмет атқарып жатыр. Мұнай саласында 130 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button