Шығыс Қазақстан облысы Президенттің тапсырмасын орындап, жаңа оқу жылын бастаған еліміздегі бірінші өңір атанды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстағы 200 ауыл мектебінде оқушылардың білім алуы үшін жағдай жақсартылды.
Мәселен, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарының нәтижесін ШҚО әкімі Даниал Ахметов тексеріп қайтты.
Айта кетейік, жаңа оқу жылындағы эпидемияның қиындықтарына қарамастан Ақжар ауылындағы мектеп штаттық режимде жұмыс істеуге көшті. Онда бастауыш сынып оқушылары білім алуда. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталған.
«Аталған оқу орнын жөндеу жұмыстарына 260 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде, барлық сынып қайта қалпына келтіріліп, терезелер мен коммуникациялық желілер ауыстырылды. Алғаш рет бұл мектепте жылу тораптары пайда болды», – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.