Өскеменде әскерилер тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді еске алды

Өскеменде Ұлттық ұлан жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде өткен іс-шара барысында тәжік-ауған қақтығысында қаза болған 17 жауынгерлер құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескертікішке гүл шоқтары қойылды. Шара мақсаты – кейінгі толқын жас буын өкілдерін әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу және де қыршыннан қиылған боздақтар ерлігін насихаттау сонымен қатар Отан тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзетіп жүрген ұландық жауынгерлердің рухын асқақтату болып табылды. Шарада сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев шейіт болған 17 жауынгерді тебірене еске алып, олардың қайтпас қайсарлығымен, өшпес ерлігін баян етті. «Шығыс»өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев та қатысып, жалынды сөздерімен жиналған қауымға жігер сыйлады.
– Біз Пшихавр шатқалындағы ұрыс-соғыс оқиғасында қаза болған ағаларымыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз. Қазақ қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп, ер-азаматтың қоғам алдында биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық. Сондықтан, азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсеткен сарбаздар ерлігі қашанда ел жадында сақталары сөзсіз, – дейді «Шығыс»өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.
Сарбаздардың рухына тағзым етуге тәжік-ауған шекарасында өз әскери борыштарын өтеген ардагерлер мен “Жас Бүркіт” кадеттер құрамы келді. Шара соңында тәжік-ауған әскери қақтығыстарына қатысқан ардагерлер алғыс хаттармен марапатталды. Өскелең жас ұрпақты елдікке, ерлікке, бірлікке шақыруға арналған тағылымдық шарада өңірдегі қала мектептерінің әскери бөлімде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі