Катонқарағай жаңа ритмге көшті: пилоттық жоба
Биыл Катонқарағай ауданында маңызды өзгеріс орын алды – 40 мемлекеттік және әлеуметтік мекеме жаңа кесте бойынша жұмыс істеуде. Жұмыс күні таңғы сағат 08:00-де басталып, 17:30-ға дейін, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін ауысты. Бұл – аймақ үшін жаңа стандартты орнататын пилоттық жоба.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлік басқармалардың басшылары желтоқсан айында Катонқарағайға жұмыс сапарымен барып, 18 ауыл тұрғындарымен жаңа бастаманы талқылап қайтқан еді.
Көпшілік жобаға оң көзқарас танытты. Әзірге жаңа кесте пилоттық режимде енгізілді. Егер үміт ақталса, тұрақты негізде бекітілуі мүмкін. Аудан тұрғындары жаңа өзгерістерге бейімделе бастаса, аудан басшылығы алғашқы нәтижелерді талдауға даяр.
– Халық сұрауымен, қаңтар айынан бастап пилоттық режимде жұмыс уақытын бір сағат алдыға жылжыттық, – деді аудан әкімі Данияр Дюсембаев.
Ендігі басты сұрақ: жаңа жұмыс режимі басқа аймақтарға үлгі бола ала ма? Оның жауабы келешектің еншісінде.