Электр энергиясының шекті тарифтері 1 шілдеден бастап өзгереді
1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында электр энергиясының шекті тарифтері өзгерді. Бұл туралы энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының тарифтерін түзету бойынша өткен баспасөз мәжілісінде ҚР ЭМ электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев айтты.
Департамент директоры ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган екенін, сонымен қатар тұтынушылар мен ел экономикасын сенімді энергиямен жабдықтау жөнінде шаралар қабылдайтынын атап өтті.
“Қазақстанның электр энергетикасы саласы қолданыстағы активтерді жаңартуды қажет ететінін атап өту қажет. Қолданыстағы қуаттар өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. 2019 жылы енгізілген электр қуаты нарығының арқасында станция активтері жаңартыла бастады. 2020 жылға Бірыңғай сатып алушы 32 энергия өндіруші ұйымдармен жиынтық қуаты 9 191,96 МВт электр қуатының әзірлігін қолдау бойынша қызметті сатып алу туралы 50 шарт жасасты. 2020 жылы электр қуаты нарығы шеңберінде электр энергиясын өндіру секторына шамамен 80 млрд.теңге инвестициялар тарту болжанып отыр”, – деді ол.
Айдос Дәрібаевтың айтуынша, электр қуаты нарығынан алынатын табыстың көп бөлігі станция жабдықтарын жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталуы тиіс.
“Алайда болжамдық бағалаулар бойынша бұл қаражат өзінің парктік ресурсын өтеген станциялардың жабдықтарын жаңғырту мен жаңартуды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Осылайша, станциялардың тозу деңгейі жылдан жылға артып келеді және қазіргі уақытта шамамен 60% құрайды. Осыған байланысты электрмен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр. Энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі ЭӨҰ шығындарын толық көлемде жаппайды және станциялар электр қуаты нарығынан кірістердің бір бөлігін ағымдағы шығындарды жабуға бағыттауға мәжбүр болады”, – деді департамент директоры.
Сондай-ақ ол энергетика саласындағы техникалық құқық бұзушылықтар санының азайғанын атап өтті.
“Бұл факт электр қуаттарының авариялық істен шығуының, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуінің және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерден тәуелділік тәуекелдерінің ұлғаюының жиілеген оқиғаларымен расталады. Мысалы, 2019 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 3 996 технологиялық бұзушылықтарға жол берілген. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 34-ке немесе 1,3% – ға азайды, бірақ жылу беру кезеңінде жабдықтардың ең көп саны іске қосылған кезде 135-ке немесе 6% – ға артты”, – деді Айдос Дәрібаев.
Бұл жағдайлар оның сөзінше, қазақстандық тұтынушыларды көрші елдерден электр қуаттарын реттеу жөніндегі қызметтерді жылына 8 млрд теңгеден астам сомаға сатып алуға мәжбүр етеді, бұл да электр энергиясының түпкілікті бағасына әсер етеді.
“Электр энергиясына арналған тарифтер заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді, бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шығындары нақты ұлғайған жағдайда энергия өндіруші ұйымдар уәкілетті органға шекті тарифтерді түзетуге өтінім беруге құқылы. Осылайша, 2020 жылдың басынан бастап ЭӨҰ-ға тәуелсіз отын, жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын сатып алу бойынша шығындар, бюджетке төленетін міндетті төлемдер, жүйелік оператордың реттелетін қызметтері өсті”, – деді ол.
Оның айтуынша, осыған байланысты Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары сәуір айында топтар бойынша шекті тарифтерді түзетуге өтінім берген.
“44 энергия өндіруші ұйымның 35-нен өтінім берілді. Оларды қарау кезінде министрлік әр жағдай бойынша жеке тәсілді қолданды. Дер кезінде шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынды. Бұйрықтың жобасы 2020 жылғы 10 маусымда ашылған НҚА сайтында жарияланды. Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде тіркелген сараптамалық ұйымдармен талқылаулар өтті. Бұйрық жобасы қоғамдық кеңесте қаралды, сондай-ақ ашық НҚА порталының электрондық алаңында талқыланды”, – деді ол.
Департамент директорының сөзінше, тарифтерді түзету «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен ағымдағы жылдың 29 маусымында жүргізілді.
“Бұл бұйрық 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа ұлғаюы 16% деңгейінде болжануда. Бұл ретте Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа Қазақстанның барлық аймақтары бойынша электр энергиясын іске асыратын Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифі шамалы, 0,7% -ға ұлғаяды. Ұйымдардың басқа станциялары тарифтерінің 12-ден 24% – ға дейінгі диапазонында ұлғаюы аясында Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифінің сақталуы соңғы тарифтерге ең аз әсер етеді”, – деді ол.
Сонымен қатар ол 44 энергия өндіруші ұйымның 9 энергия өндіруші ұйымы бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталғанын атап өтті.
“Бір энергия өндіруші ұйым («Шардара СЭС» АҚ) бойынша тариф 7% – ға төмендетілді. 18 энергия өндіруші ұйым бойынша 34 ЭӨҰ-ның тарифі 20 % – ға дейін өсті, қалған 16 ЭӨҰ-ның тарифі 20 % – дан артық болды. Электр станцияларының шекті тарифтерін уақтылы түзету алдағы күзгі-қысқы кезеңдерден табысты өту және ағымдағы жылдан бастап авариялық жағдайларды азайту үшін оларды жаңғырту жөніндегі жұмысты бастауға мүмкіндік береді. Болжамдар бойынша, ЭӨҰ шекті тарифтері өзгерген кезде статистикалық орташа пәтерлер бойынша соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясын төлеуге арналған орташа чек (электр плиталары бар пәтерлерді есептемегенде, айына орташа тұтыну көлемі айына 170-220 кВтс құрайтын екі – үш бөлмелі) ағымдағы шоттарға айына 200 теңгеден аспайтын шамаға төртінші тоқсаннан ерте емес ұлғайтылуы мүмкін”, – деді министр.
Бұдан басқа ол электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау 44 энергия өндіруші ұйымның өндірістік персоналының 27 мың жұмыс орнын сақтап, оларға тоқтаусыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін айтты.