Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда жасалған: Ұлан ауданында қыста да лимон өседі.

 

Украинка ауылында орналасқан «Жер-су» жылыжай кешені – табиғаттың әсемдігі мен өсімдік әлемінің сан алуан түрлерін тамашалауға таптырмас орын. Сайт тілшісі дәл осы жылыжайда 8 жыл жұмыс істеп келе жатқан, экскурсия жүргізетін Елена Рыжниковадан сұхбат алды.

Жылыжай кешені 2008 жылы ашылған. Оны ерлі-зайыпты Николай мен Людмила өз еңбегі мен табиғатқа деген махаббатының арқасында дамыта түсті. Бұл отбасы Киевтен әкелінген лимонның 9 көшетінен бастап, бүгінгі таңда ірі кешенге айналған жылыжайдың негізін қалаған.

Төрт жылыжай – төрт әлем іспеттес. Кешендегі жылыжайлардың әрқайсысы ерекше. Алғашқы жылыжайда тек цитрус жемістері, оның ішінде салмағы 1 жарым келіге дейін жететін атақты «Киев» лимондары өсіріледі. Бұл лимондар органикалық әдіспен өсіріліп, ерекше күтіммен бапталады.

– Екінші жылыжайда өсімдіктердің сан алуан түрлері жайқалып тұрса, үшінші жылыжай тропикалық орманға ұқсас. Өзіміз оны «Джунгли» деп атаймыз. Бұл жылыжайға кіргенде өзіңізді нағыз тропикалық орманның ішінде жүргендей сезінесіз. Мұнда тек тропикалық ағаштар мен өсімдіктер өседі, – дейді Елена Рыжникова.

Төртінші жылыжайдың ерекшелігі әрі мақтанышы – мұндағы эфир майына бай, жапырақтары мәңгі жасыл болып тұратын мирт ағаштары. Бұл ағаштар ауадағы микроб мен бактерияны жойып, айналаны таза ауамен толтырады. Сондықтан мұнда көбінесе балаларымен келетін отбасыларды жиі кездестіруге болады.

Жылыжайға сапар бұл табиғатпен үндесу мүмкіндігі. Бұл жерде температура тұрақты түрде +16 мен +20 градус аралығында ұсталады. Мұны қадағалау үшін арнайы маман күн-түн демей жұмыс істейді.

– Қазір жылыжай таңғы 09.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істейді. Қысы-жазы келушілер ағымы азайған емес. Әсіресе демалыс күндері экскурсияға деген сұраныс жоғары. Келушілер билетке 1500 теңге төлеп, ішін 40-45 минут алаңсыз аралайды. Экскурсия соңында кішкентай қонақтарға жылыжайдан бір тал өсімдік немесе гүл сыйға беріледі. Бұл – Николай мен Людмиланың кішігірім болса да ерекше дәстүрі, – дейді экскурсия жүргізетін маман.

Алыстан атбасын арнайы бұратындар көп. Жылыжай тек Қазақстан халқы арасында ғана емес, Франция мен Германиядан келген туристер үшін де танымал. Олар бұл жердің атақты лимондарын көріп, дәмін тату үшін арнайы келеді.

– Жақында қазақтың ұлттық мерекесі – Наурыз келе жатыр. Осыған орай бізде ерекше экскурсия бағдарламасы дайындалып жатыр. Наурызда кішкентай банан мен лимон пісіп, Калистемон ағашы гүлдейді деп күтіліп отыр. Бұл балаларға ұмытылмас әсер сыйлайды, – дейді Елена Рыжникова.

Ұлан ауданындағы бұл жылыжай тек өсімдіктер әлемінің сұлулығын ғана емес, адамның еңбегі мен табиғатқа деген махаббатының қандай ғажайыптарға әкелетінін дәлелдейтін орын десек артық айтқандық емес.

Басқа жаңалықтар

Back to top button