Жаңалықтар

Тәуелсіздік – тағылымды тарту

Тәуелсіздік – жасампаз еліміздің жаңашыл дәуірде қол жеткізген барлық жетістігінің қайнар көзі. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның терезесі тең, керегесі кең. Алпауыт әлемінің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Ал төрткүл әлемнің басын қосқан дүбірлі жиындар болсын, жалпы қоғамдық тәртіпті қадағалайтын Ұлттық ұлан жауынгерлерінің көпшілік жиналған мерейлі мерекелердің қауіпсізідігін қамтамасыз етуде жанын беріп қызмет ететіндігі баршаға аян. Биыл еліміз төрткүл дүниені өзіне қаратып халықаралық саммит ұйымдастырды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті жоғары деңгейде өтті. Елордадағы қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері аттанған болатын. Астана қаласының Байқоңыр ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметке кіріскен ұландықтар санаулы күннің ішінде едәуір қылмыстың бетін ашып, бас қаланың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетті. Таяуда атом электр станциясын салу жөнінде референдум өткізіп, халық дауысына салдық. Бұл тарапта да «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери қызметшілер мемлекет үшін сындарлы шақта аталмыш шара бойынша тың мағлұматтарға қанық болып, дауыс беруіге бір кісідей белсене қатысты. Ұландықтар республикамыз үшін қажетті келелі оқиғадан еш қалыс қалған емес. Өйткені егемен ел атану жолында шаһид болған бабалар ерлігі – баршамызға үлгі. Ұрпаққа аманат еткен ұланғайыр даланың тыныштығын күзетуде бүгінде Ұлттық ұлан әскерінің құндылығы жоғары. Әсіресе, ел тыныштығын күзетуде қырағылық танытқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жауынгерлік әзірлік пен кәсіби шеберліктерін үнемі арттырып келеді. Сан салалы даму мен жетілу сатыларынан сүрінбей өткен ішкі әскер жұрт басына төнген кез келген қауіп-қатерге қарсы тұрып аянбай әрекет етуде әзір. Темірдей тәртіпке бағынғандар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының айбынын асырып, адуынды істердің адырнасын тартуда.

Ғасырлар бойы көкірегімізде жастап, арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған беселі бағы, астына орнаған құламас тағы деуге толықтай негіз бар. Қазақ елі сұрапыл күйбең шақтарды артында қалдырып, талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Сондықтан әрбір адам тәуелсіздіктің онай жолмен келмегенін есте сақтау керек. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында әуелеген әнұранымызды шырқап, баянды да бақытты ғұмыр кешуіңізге тілектеспін.

Атабек Салықбаев

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник

Басқа жаңалықтар

Back to top button