Астанада білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесі саласындағы концептуалды өзгерістер талқыланды
Астанада «Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесінің концептуалды негіздерін трансформациялау» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Конференцияға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен 250-ге жуық қатысушы, сондай-ақ шетелдік қонақтар мен сарапшылар қатысты. Екі күн бойы өткен конференция білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесінің тиімділігін арттыру және өзекті мәселелерді шешу жолдары бойынша тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналды.
«Бұл конференция мұғалімдер мен оқушылар үшін аса маңызды. Мен бүгінгі шарада спикер ретінде жасанды интеллектіні дене тәрбиесі сабақтарында қолдану тәжірибеммен бөлістім. Нақты айтқанда, теориялық дайындық үшін GPT чаттарын пайдалану және нейроплатформаларды тәжірибеде қолдану туралы айтып бердім. Мұндай әдістер дене тәрбиесі сабақтарын қызықты әрі нәтижелі етеді деп сенемін», — деді Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласындағы М. Әуезов атындағы №17 мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Руслан Исраилов.
Конференцияны ұйымдастырушылар арасында Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Региондық офисі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті, Қазақстан спорт және туризм академиясы, Дене тәрбиесі және спорт академиясы бар.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйымдар, сондай-ақ білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының дене тәрбиесі мұғалімдері, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, докторанттар және спорт мектептерінің жаттықтырушы-педагогикалық құрамының өкілдері қатысты.