08ДенсаулықҚоғам

Адамдар қауіпсіздік шараларын сақтамайды – Сапарбаев

Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, онда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары талқыланды, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өзін-өзі оқшаулау режиміндегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев басқосуға бейнеконференцбайланыс арқылы қатысып отырды.

Б.Сапарбаев соңғы кездері инфекцияның таралуы жағдайының нашарлап жатқанына, тұрғындардың жауапсыздығынан тіркелгени оқиғалар саны өсіп отырғанына алаңдаушылық танытып, карантиндік және профилактикалық шараларды күшейту қажеттігіне назар аударды.

– 18 маусымдағы жағдай бойынша облыста 524 науқас тіркелген, оның 313-і Тараз қаласында. Қордай және Байзақ аудандарында да жағдай күрделі. Адамдар қауіпсіздік шараларына немқұрайды қарағандықтан, көрсеткіш өсіп отыр. Көптеген дүкендер мен супермаркеттер арақашықтықтың сақталуын және жеке қорғаныс құралдарының болуын бақыламайды. Адамдар шектеу шараларына қарамай, көп шоғырланып, отбасылық мерекелер ұйымдастыруда, – деді ол.

Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев те өз баяндамасында жағдайлардың азаймай отырғандығын растады. Оның айтуынша соңғы аптада 139 оқиға тіркелген десек, оның 77-і симптомсыз.

– Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 1,3 есе өсіп отыр. Тараз қаласы мен Қордай ауданында аурудың 99 жағдайы тіркелді, бұл облыстағы жалпы аурудың 71,2 пайызын құрайды. 20 жастан 59 жасқа дейінгі ересек тұрғындар жалпы жағдайдың 73,2 пайызын құрайды. Менің ойымша, азаматтарды жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтата тұру, коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарға арналған стационарды қарастыру және түсіндіру жұмыстарына елге белгілі тұлғаларды тарту қажет,-деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, ол өткен соңғы айда мемлекеттік шекарадағы бес өткізу пункті арқылы Жамбыл облысына 12899 жүргізуші мен 1727 жаяу жүргіншінің кіргенің, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету үшін келгендердің барлығы медициналық тексеруден өткенін айтты.

Экспресс-тестілеу әдісі олардың 8-і инфекция жұқтырғанын көрсетке, ПТР талдауы арқылы тағы сегізінде оң нәтиже көрсеткен.

Бүгінгі таңда облыста 53 мониторинг тобы жұмыс істеуде. Олар объектілердің карантиндік іс-шаралар талаптарына сәйкес жұмыстарды қайта бастауға дайындығын, сондай-ақ дайындық сертификатын алған объектілердің қызметін бақылауда.

Сондай-ақ, Ғазиз Надуев бірқатар өзекті мәселелерді де тілге тиек етті. Солардың қатарында өткізу пункттерінде, ошақтарда жұмыс жасайтын және бақылау топтарына қатысатын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің кадрларының жетіспеушілігі, жеке зертханалардың нәтижелері үш-төрт күннен кейін ғана дайын болатындығын, бұл шаралардың уақытыл өтуіне кері әсерін тигізетінін атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов сала бойынша сырқаттанушылық деңгейінің өсу динамикасына тоқталды. Айталық, айдың басынан бастап науқас дәрігерлердің саны 23-тен 44-ке дейін, яғни, екі есе өскен. Әскери қызметкерлер арасындағы өсім 6,9 пайызды құрап отыр. Бірақ дертке шалдыққан мұғалімдердің саны 3,3 есе, жүкті әйелдер саны жеті есе ұлғайған. Егер айдың басында үш науқас мұғалім және төрт жүкті нәзік жанды болса, 18 маусымда бұл көрсеткіш тиісінше 10 және 28-ге жеткен.

– Түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Инфекциямен күрес барысында «103-call-орталығына» 3626 қоңырау келіп түскен. Өңірлік call-орталыққа 888 адам жүгінген. Өңірде 30 санитарлық бекетте 36 медицина қызметкері еңбек етуде. Олар 1712 түсіндірулер өткізіп, 5824 адамды қамтыды. 7150 буклет таратылды, – деді Жұманқұлов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button