Көлік иелері карантин кезінде қала бойынша жүріп-тұруға рұқсатын телеграм-бот арқылы тексере алады
Рұқсаттың болуын тексеру үшін жұмыс беруші қызметкердің мәліметтерін жедел штаб тізіміне беруі тиіс, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жедел штабтың елордадағы call-орталықтарына жүктемені азайту үшін check_whitelist_quarantine_bot телеграм-боты іске қосылды. Оның көмегімен елордада жүріп-тұруға рұқсат беру тізімінде нақты адамның көлік нөмірі мен ЖСН бар-жоғын тексеруге болады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің орынбасары Малика Бектұрова.
«Қала бойынша жүріп-тұруға рұқсатын тексеру үшін жұмыс беруші мәліметтеріңізді жедел штаб тізіміне беруі керек. Ал өтініш берушінің ЖСН-і мен өтінімдегі көлік нөмірі сәйкес келуі қажет. Бір телеграм-аккаунттан тәулігіне бес сұранысқа дейін жіберуге болады», – деп жазды ол өзінің https://t.me/MBekturova телеграм-арнасында.
М.Бектұрова қазіргі уақытта еліміздің көптеген қалаларында пандемиямен күресу үшін қабылданған шаралар жалғасып жатқанын атап өтті.
«Сонымен қатар, жұмысқа рұқсаты бар кәсіпорындар тізімі ұлғаюда. Рұқсат етілген көліктің мемлекеттік нөмірі мен ЖСН полиция қызметкерлері планшеттерде пайдаланатын базаға енгізілуі тиіс», – деді ол.