Көлік пен жүргізуші куәлігінің орнын жеке куәлік алмастырады
Енді көлік жүргізушілері өзімен жеке куәлігін ғана алып жүрсе жеткілікті. Полиция қызметкері оның өзге құжаттарын планшет арқылы базадан көре алады. Ақпараттар базасында жүргізушінің қандай көліктерді басқаруға рұқсаты бар екені, сақтандыру полисі, техникалық бақылау, тіпті, қанша айыппұлы бар екені көрініп тұрады. Полиция қызметкерлерінің қолында планшеттер де жеткілікті. Өзгерістер жуық арада заңмен бекітіледі. Әзірге тек дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінде 6 мың планшет бар. Автокөлікке қатысты мәліметтер базасы интеграцияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиісті норманы енгізіп, жүргізушіге міндетті түрде құқығын растайтын құжаттарды алып жүру ережесін алып тастағалы жатырмыз. Жеке куәлігі болса болды. Себебі қалған құжаттардың бәрін біз планшет арқылы көріп отырамыз. Жүргізушінің қандай көлігі бар, қанша сенімхат жазылды, сақтандыру полисі қашан аяқталады, техникалық тексерістен қашан өтті, айыппұлы қанша – бәрі де планшетте көрініп тұрады. Сонымен қатар біз планшеттердің бәрін қазір көшедегі видеокамералармен интеграциялап жатырмыз», – деді Ерлан Тұрғымбаев.