Нұр-Сұлтанда Балаларды қорғау күнінде 65 интернет байқау өтеді
Жоспарланған шаралар #NS_balalarkuni_bilim хештегімен өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында елордалық жеткіншектерді ауқымды акциялар, байқаулар мен челлендждер күтіп тұр. Биыл алғаш рет іс-шаралардың көбі онлайн-режимде өтеді.
Өзінің шығармашылық қабілетін көрсеткісі келетіндер 65 акция мен байқауға қатыса алады.
Атап айтқанда, балалардың көркем өнер мектебі 10-16 жас аралығындағы балаларды «Барлығы балалар үшін» республикалық сурет салу байқауына қатысуға шақырады.
Қатысушыларға келесі тақырыптар ұсынылды: «Менің балалық шағым», «Менің отбасым», «Бақыт отбасыдан басталады», «Денсаулықты қорғау құқығы», «Бала құқығы – адам құқығы», «Табысты болу құқығы», «Қоғам балалықты қорғайды». Байқаудың нәтижесі бойынша 25 маусымда онлайн көрме өтеді.
Бұдан бөлек, Instagram желісінде күні бойы балалар психологы, ішкі істер органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, заңгерлер және ҮЕҰ қатысуымен тікелей эфир өтеді. Онда ата-аналар мен балалар қажетті кеңес пен құқықтық көмек ала алады.
Қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы және «SOS Детская деревня Астана» балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекелік бағдарлама күтіп тұр. Атап айтқанда, «Цветик-семицветик» концерттік бағдарламасы, «Цветочный переполох» шығармашылық байқауы (костюмдер дефилесі, балалар жасаған флористикалық өнер көрсетілімі), интеллектуалдық жарыс, «Картинаны боя» байқауы, асфальтта сурет салу жарысы, спорттық жарыстар мен көңілді ойындар, автограф PARTY және фотоссесия, сондай-ақ балаларға арналып дастархан жайылады.
Айта кетейік, жоспарланған іс-шаралардың барлығы #NS_balalarkuni_bilim хештегімен онлайн режимде өтеді.