17
Түркістан: Заңсыз тасымалға қарсы күрес күшейтіледі
Заңсыз тасымалдаудың өршуінен өңірде жол-көлік оқиғалары көбейіп, тас жолдар жарамсыз күйге түсіп жатыр.
Айыппұл төлеумен шектелген көлік жүргізушілерінің жұмысын қадағалау үшін өңірде арнайы рейд шаралары өтеді. Облыс аумағындағы заңсыз тасымалмен күрес және жол саласындағы өзекті мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды.
– Заңсыз жолаушы тасымалы, жол қауіпсіздігіне қатысты шағымдар көбейді. Жол полициясы мен көліктік бақылау инспекциясы тарапынан олардың бәрі тексерілуі тиіс. Жолдың сапасын бұзатын ірі жүк көліктеріне де қадағалау күшейтілсін. Әр карьер маңында жүктің салмағын өлшейтін таразысы болуы керек. Жолаушылардың қауіпсіздігі, жолдың сапасы бойынша рейдтер жалғасқаны жөн, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың баяндауынша, биыл автожолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92% жеткен. Ал облыстық маңызы бар 200 шақырым жол ауыр жүк көліктерінің белгіленген талаптан асыра жүк тасымалдауын салдарынан мерзімінен бұрын жарамсыз жағдайға түсіп отыр. Тағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын жарамсыздану қаупі бар.
Аталған жолдардың басым бөлігі Сайрам, Ордабасы, Арыс, Қазығұрт, Сауран аудандарында орналасқан. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік іс-шараларының нәтижесінде жалпы 151 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Ауыр салмақты көліктердің қозалысын реттеу мақсатында жол белгілері қойылып, тиісті шаралар жасалуда. Мәселе бақылауға алынып, жұмыс күшейтіледі. Заңсыз жолаушы тасымал мәселесі де назарға алынады. Әсіресе «Алфарьд» көлігіне сын-ескертпе көп
Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан жасалған талдау көрсеткендей, Түркістан облысында жұмыс атқартын 160 карьердің 20-сында ғана таразы бар. Ал қалған 140 карьерде бақылау-өткізу пункттері, жөнелтілетін және келіп түсетін жүктің сапасы мен массасын анықтауға мүмкіндік беретін таразы және басқа жабдықтары жоқ. Ендігі кезекте өзеннен тас таситын ауыр салмақты автокөліктер де жаппай тексеріледі. Карьердегі салмақ өлшейтін таразының орнатылуы қатаң қадағаланады. Заң бұзушылықтарға жол бергендердің ісі құзырлы органдарға өткізіледі.