Келес ауданында алдағы үш жылда 12 мектеп салынады
Келес ауданында биыл 3 мектептің құрылысы жүріп жатқан болса, 2025 жылға дейін тағы 9 мектеп салынады. Соның ішіндегі үш мектептің құрылысы Ақтөбе ауылдық округі аумағында жүреді. Олар Ғани Мұратбаев, Ескіқорған және Жуантөбе елді мекендерінде 300 орындық жаңа оқу ғимараттары бой көтереді. Ал Ынтымақ елді мекеніндегі Р.Қошқарбаев мектебі ағымдағы жылдың жаңа оқу маусымына қолданысқа беріледі. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес әкімдер халықпен кездесіп, қордаланған мәселелердің шешім жолдарын тұрғындармен бірлесе талқылап келеді. Келес ауданы әкімінің кезекті кездесуі Ақтөбе ауылдық округінде өтті. Аудан басшысы тұрғындармен кездесуі ашық аспан астында, еркін форматта өрбіді. Аудан басшысы кездесу барысында ең алдымен өткен кездесуде айтылған мәселелердің нәтижесімен бөлісті.
Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне кезекке тұрған азаматтарға беру үшін Қаратөбе елді мекенінен 40 га және Ғ.Мұратбаев 20 га жер учаскілерін бөлу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп кезектегі тұрғындарға берілетін болады.
Елді мекендегі ауылшаруашылық жерлеріне көктемгі-жазғы уақытта ағын суды уақытылы жеткізіп беру мақсатында Ақтөбе ауылдық округіндегі Есікше каналы(3 шақырым), Алшын каналы (2,5 шақырым), Мектеп қашыртқы (3 шақырым), Қыпшақ қашыртқыларына (4 шақырым) механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, сонымен қатар егістік жерлерге су аз жеткізілуінің алдын алу мақсатында Оймауыт және СТК каналдарына суды кезекпен бөліп беру кестесі түзілген.
Жиын барысында тұрғында ауылдық округі аумағындағы санитарлық тазалық шаралары, түнгі жарық шамдарын қою, жол төсеу мәселелерін көтеріп, аудан басшысынан тиісті жауаптарын алды. Кездесу соңынан жеке мәселелерін көтеріп келген тұрғындарды аудан әкімі қабылдап, мәселелерін тыңдады.