Павлодар облысында алғашқы көктемгі сенбіліктер өтті
Павлодар облысының елді мекендерін абаттандыру және санитарлық тазарту айлығының алғашқы күнінде калалар мен ауылдардың көшелеріне 13,5 мыңнан астам адам шығып, тазартуға үлес қосты.
Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында өткен биылғы алғашқы сенбілікке 8,7 мыңнан астам адам, аудандарда 4,8 мың адам қатысты. Олардың барлығы белгіленген жерлерде – саябақтар мен шағын бақтар, әлеуметтік нысандар аумақтары, әкімшілік және сауда орындары айналасындағы қоқыстарды шығарды. Жиналған 6,1 мың тонна қоқысты шығаруға 352 техника жұмылдырылды.
Аймақтың елді мекендерін санитарлық тазарту және абаттандыру айлығы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында өткізілмек. Облыстық сенбілік 17 сәуірде өтеді.
Тазалық пен абаттандыру жұмыстарының сапасын бір ай бойы арнайы топтар бақылайды. Олар саябақтарды, жекеменшік үйлер секторларын, аулалар мен аялдамаларды және тағы басқа жерлерді аралап тексеретін болады. 109 бірыңғай байланыс орталығында қабылданатын тұрғындар өтініштерінде көтерілген мәселелер жедел шешілу үшін шағымдар жергілікті әкімдіктерге жолданбақ. Бұл жұмысты аймақ басшысының бірінші орынбасары Олег Круктың төрағалығындағы штаб бақылайды