Жаңалықтар

Ақтауда әскери ант қабылдау рәсімі махаббатқа толы ерекше сәтпен есте қалды

 

Ақтау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінде 200-ден астам жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Бұл – олардың Отан алдындағы алғашқы әрі ең маңызды қадамдарының бірі болды.

Салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары, жақындары, әскери бөлім басшылығы мен қала тұрғындары қатысып, жауынгерлерге ақ жол тіледі. Олар Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен жас сарбаздарға құрмет көрсетіп, патриоттық рух сыйлады.

Әскери ант қабылдау рәсімі барысында күтпеген әрі әсерлі оқиға орын алды. Қатардағы жауынгер Артур Сәрсенғалиев көпшіліктің алдында сүйіктісі Гүльназға үйленуге ұсыныс жасады.

Сарбаз саптық алаңның ортасына сүйіктісін шақырып, тізе бүгіп, өмірлік серігі болуын сұрады. Бұл тосын сәттен таңғалған Гүльназ толқынысын жасыра алмай:

— “Иә!” — деп жауап берді.

Осы әсерлі көріністі жиналғандар зор қошеметпен қарсы алып, жауынгерлік анты мен шынайы махаббаттың үйлескеніне куә болды.

“Бұл мен үшін қос қуанышқа толы күн”

Жас сарбаз Артур Сәрсенғалиев бұл күннің өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі болғанын атап өтті:

— “Бүгін мен Отанға адалдығымды білдіріп, әскери ант қабылдадым. Сонымен қатар, өмірлік серігімді таңдадым. Гүльназбен бірге бақытты болатынымызға сенемін,” — деді Артур.

Ал Гүльназ бұл сәттің өмір бойы жадында қалатынын айтты:

— “Бұл мен күтпеген, бірақ өте бақытты сәт болды. Артурдың дәл осы ерекше күні маған ұсыныс жасағаны – оның шынайы сезімінің дәлелі,” — деді ол толқып тұрып.

Жас сарбаздардың әскери анты – олардың ел мен жеріне адал қызмет етуге серт беруі. Ал Артур Сәрсенғалиевтің осы күні өз махаббатын ашық жария етуі – әскери өмірдің тек тәртіп пен міндеттен тұрмайтынын, онда нағыз ерлік пен шынайы сезім қатар жүретінін көрсетті.

Бұл ерекше оқиға Ұлттық ұлан тарихында есте қаларлық сәттердің бірі ретінде сақталады. Жас жұбайларға баянды бақыт тілейміз!

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button