Жаңалықтар

Ұлытау облысында Қазақстандағы ең ірі шахмат академиясы ашылды

 

Жезқазғанда «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС қолдауымен әйгілі шахматшы, әлемнің бес дүркін чемпионы Жансая Әбдумәліктің шахмат академиясының жаңа филиалы ашылды.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов арнайы келіп, академияны салтанатты түрде ашты. Бұл – шараның маңыздылығын айқындатты.

Орталық – еліміздегі ең ірі шахмат академиясы болып саналады. Мұнда Ұлытау облысының 5 пен 18 жас аралығындағы 1000-ға жуық бала шахмат өнерін меңгермек.

Ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірімізден танымал шахматшылар мен ел чемпиондары шығып, Ұлытау облысын тек республикалық деңгейде ғана емес, әлемдік аренада да таныстыратынына сенім білдірді.

900 шаршы метр аумақты қамтитын жаңа филиалда оқушылар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу орталығы болашақ чемпиондарға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, академияның ашылуы аясында «KAZAKHMYS YOUTH TEAM CHESS CUP» атты алғашқы халықаралық балалар командалық турнирі ұйымдастырылды. Бұл жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Моңғолиядан келген 100-ден астам жас шахматшы қатысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button