Қоғамдық бақылау мердігерге жолдағы ақауларды жөндеуді тапсырды
«Астана Адалдық Алаңы» бақылау тобы жол жөндеу кезінде мердігерлер тарапынан жіберген кемшіліктерді қайта түзетуді тапсырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін «Сапалы жол» жобасымен танысу үшін, қалалық әкімдіктің «Астана Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, арнайы мониторингтік топ және БАҚ өкілдері тексеріске шықты. Рейдке қатысқан мамандар Сәтпаев көшесіндегі жол төсемесінен ақау тапты.
«Бізге жолдың осы бөлігіндегі бірнеше жерде ақау бар екені туралы ақпарат түсті. Егер жол жақын арада жөнделмесе, асфальтбетон төсемесіне зақым келеді. Біздің міндетіміз – дәл осындай мәселелерді жұмыс біткен соң емес, дер кезінде шешу», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің арнайы мониторинг тобының мүшесі Марат Сатарқұлов. Бұл жағдайға қоғам бей-жай қарамағандықтан, мердігер компания кемшіліктерді бірден түзетті.
Мамандардың пікірінше, мұндай әрекеттердің нәтижесінде сапа жақсарады. Жоба сыбайлас жемқорлықты жоюға, оның алдын алуға арналған шаралар ұйымдастыруға және жүзеге асыруға бағытталған.
«Сонымен қатар біз техникалық қадағалау қызметінің жұмысын да бақылаймыз. Олардың технологиялық процеске қатысты барлық талаптарды және қауіпсіздік шараларын орындауын қатаң қадағалаймыз. Себебі бұл жерде біздің азаматтар қызмет етуде», – деп түйіндеді М.Сатарқұлов. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Сәуле Бисембаеваның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі.
«Күн сайын ақпараттық-түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жүргізіледі. Қазір қала әкімдігі осы мәселемен белсенді айналыса бастады. Сондықтан қала тұрғындары кез келген уақытта Бейбітшілік көшесі, 11 мекен-жайында орналасқан жобалық кеңсемізге жүгіне алады», – деп атап өтті С. Бисембаева.