Нұр-Сұлтан қаласының шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 56% – ы немесе 79 мыңы карантиндік шараларға байланысты өз қызметін тоқтатты. Пандемияның салдары сауда (32,5%), халыққа тұрмыстық қызмет көрсету (9,2%), көлік (5,9%) сияқты салаларға ең көп әсер етті. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кеңестің отырысында бизнеске көмек көрсету әдістері талқыланды.
Қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Мұхиядиновтың айтуынша, жалпы сомасы 31 млрд.теңгеге 97 мыңнан астам кәсіпкер салық жеңілдіктерімен қамтылды. Сондай-ақ, экономиканың нақты секторын қолдауға және инфрақұрылымды дамытуға елорда бюджетінен 25,7 млрд. теңге бағытталғанын атап өтті.
«Мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламаларын іске асыру жандандырылды. Ағымдағы жылдың басынан Бизнестің жол картасы шеңберінде 33 млрд.теңге сомасына 1244 жобаға қолдау көрсетілді (оның ішінде 322 жоба субсидияланды, 922 кредит кепілдендірілді). Жұмыссыз азаматтарды бизнеске тарту мақсатында «Еңбек» бағдарламасы бойынша жылдық 6% – бен (сомасы 20 млн.теңгеге дейін) жеңілдікті кредиттер беріледі. Осы мақсаттарға ағымдағы жылы 1,2 млрд.теңге бөлінді, оның ішінде 647,7 млн. теңге сомасына 45 жобаға қолдау көрсетілді», – деді Бауыржан Мұхиядинов.
Сонымен қатар, Кеңес мүшелері құрылыс материалдары қазіргі уақыттағы бағасының жағдайын да талқылады. Биылғы жылы мырышталтан жасалған құралдардың бағасы екі есеге жуық өсті, болат арматурасы 83% – ға, жабын плиталары 72% – ға қымбаттады. Бетон, цемент, кірпіштің құны да артты. Бауыржан Мұхиядиновтың айтуынша, мәселе жүйелі негізде шешілетін болады.
«Қала аумағында 60 млрд.теңге сомасына құрылыс материалдарын өндіру бойынша 20 жобаны іске асыру жоспарланған, аталған жобаларды іске асыру 2 жыл ішінде жоспарланып отыр. Жалпы қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метрден асатын 2 ірі үй құрылысы комбинаты салынды», – деді Б.Мұхиядинов.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асыру аясында биыл құрылыс материалдарын шығаратын бірнеше кәсіпорын іске қосылды, олардың ішінде: бетон зауыты, кеспе тастар мен құрғақ қоспалар өндірісі.
Отырыс қорытындысы бойынша нұротандықтар Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына «Атамекен» ҰКП филиалымен бірлесіп, 2021 жылға арналған пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді ұсынды.
Құрылыс материалдары бағасының өсуіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының «Атамекен» ҰКП бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарды белгілеу бөлігінде құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізуді тапсырды.