МӘМС жүйесін іске асырудағы өзекті мәселелердің бірі – азаматтарымыздың сақтандыру мәртебесі. Шағын және орта бизнес өкілдері азаматтардың жеңілдікке ие санатына жататын өз жұмыскерлері туралы деректі (ЖСН) msb.fms.kz сайтына енгізу қажет. ШОБ жұмыскерлері қарыз болып, артынша оны жою қажеттігі туындамас үшін, олар туралы деректі «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне енгізу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанына дейін ұзартылды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сақтандырылмағандар арасында ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін. Жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері туралы мәліметті Қордың msb.fms.kz сайтына орналастыруы, яғни олардың сақтандыру мәртебесін сақтауы тиіс. Одан әрі жұмыскерлер ешқандай төлем жасалмаса да МӘМС жүйесіндегі қызметтердің барлығын кедергісіз алады.
«Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33 мыңнан аса ШОБ субъектісі бар. 2021 жылдың 2 сәуіріндегі жағдай бойынша, олардың ішінде 22 560 субъект ақпараттық жүйеде өз қызметкерлерінің деректерін жаңартқан, ал 11 мыңнан аса ақпараттық жүйеде жұмыскерлер тізімін әлі жаңартпаған. Осылайша 11 мыңнан аса кәсіпорынның жұмыскерлері МӘМС жүйесінен тыс қалуы мүмкін. Сондықтан жұмыс берушілер ШОБ жұмыскерлерінің медициналық сақтандыру мәртебесін нақтылаудың маңыздылығын түсінулері қажет», – деп атап өтті Медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
ШОБ жұмыскерлері қарыз болып, артынша оны жою қажеттігі туындамас үшін олар туралы деректі «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне енгізу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанына дейін ұзартылды.
Қазіргі күні шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмыскерлері туралы деректер «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне енгізілмесе, бұл қызметкерлер ӘМСҚ-ға қарыздар болып, МӘМС арқылы медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Айта кетсек, «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығын салық салу мәселелері бойынша iске асыру жөнiндегi одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысына сәйкес, жеке тәжірибемен айналысып жүрген тұлғалар, сондай-ақ микро, шағын немесе орта кәсіпкерліктің жалдамалы жұмыскерлері үшін жарна төлеуден 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылған еді.
Ақпаратты жаңарту үшін msb.fms.kz сайтындағы Қордың «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне жұмыскерлердің жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет.