Нұр-Сұлтанда балалар мен ересектер арасында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Жаңа саябақтардың, алаңдардың ашылуы және аулаларды жайластыру тек қаланың сыртқы келбетін жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының жақсы уақыт өткізулерін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жүзеге асырылады.
«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және, әрине, балаларға басымдық беру керек»», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өз жолдауында.
Бүгінде 370 мыңнан астам Нұр-Сұлтан тұрғыны спортпен белсенді айналысады. Тек биылдың өзінде 760 мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
«Жастар белсенді түрде спортпен шұғылдана бастады, бұған қоса, елордада көбірек орындардың ашылып, көпірлердің астына арнайы алаңдар, ірі спорт кешендері салынуда. Осының арқасында спортты дамыту барған сайын күшейе түседі», – дейді Street Workout Kazakhstan негізін қалаушы Әйтім Жақыпов.
«Елордамызда спорт қарқынды дамып келеді. Әртүрлі спорт алаңдары пайда болуда. Олардың көпшілігі спорт залдарына барады, түрлі секцияларға қатысады. Көптеген адамдар салауатты өмір салтына көңіл бөле бастады», – дейді бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы Арманжан Рузахунов.
Елордада 46,4 шақырым веложол, 975 спорт нысаны, 420 футбол алаңы, 81 Street Workout аймағы бар. Кәсіби спортшыларды қолдауға ерекше назар аударылуда.
Сонымен, елорда әкімі Алтай Көлгіновтың тапсырмасымен, соңғы 10 жылда алғаш рет – 2020 жылдың қазанында ұлттық құрамада ойнайтын спортшыларға, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы материалдық қолдау мөлшері көбейтілді. Бұрын ұлттық құрамаға түскен 84 спортшы ғана ай сайын төлем алып келсе, қазір олардың саны екі еседен астам артты.
Сондай-ақ, биыл әкімдік Қазақстандық ипотекалық компаниямен бірге әлеуметтік пәтер алушылар санатын кеңейтті – олардың қатарына спорт қайраткерлері де қосылды.
«Спорт физикалық тұрғыдан, ақыл-ой және адамгершілік жағынан тәрбиелейді. Қазір мемлекет спортты дамытуға және кәсіби спортшыларды қолдауға үлкен көңіл бөлуде. Менің ойымша, бұл бүгін болашақ үшін өте перспективалы бағыт», – дейді грэпплингтен әлем чемпионы Әйгерім Әбілқадірова.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы атап өткендей, балаларды сабаққа тарту мақсатында спорттық инфрақұрылымның қалыптасқан жағдайларына сүйене отырып, ақысыз негізде жаппай дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын дамытудың кешенді бағдарламасы жасалды.