Батыс Қазақстан облысында күрделі жөндеуден өткен «Чапаево-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы» автожолы пайдалануға берілді. Күре жолды қабылдап алуға өңір басшысы Ғали Есқалиев,«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері,жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдар, инженерлік қызмет пен авторлық бақылау өкілдері және бас мердігер қатысты.
Республикалық маңызы бар «Чапаево-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы» тасжолының 157 мен 192 шақырым аралығындағы учаске Батыс Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Ол Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда аудандарына қарасты елдімекендерді облыс орталығымен байланыстырып, Ресей Федерациясының шекарасына дейін жетеді.
Аталған нысан құрылысы 35 жыл бұрын жүргізілген. Жобаны іске асырудан 5 жыл өтісімен, яғни 1990 жылы жолды күтіп-ұстауға қаржылай қолдау тоқтатылған болатын. Әлбетте, осы жылдардың жүзінде тасжолда терең ойықтар пайда болып, жол жабындысы жер жамылғысымен араласып, әбден жарамсыз болып қалған.
Учаскеге күрделі жөндеу 2018 жылы басталды. Бұл жұмыстарға 6,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінде «Чапаево-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы» автожолының жөндеуден өткен 35 шақырымдық учаскесі – берік жабынды төселген, қозғалыс бөлігінің ені – 7 метр болатын, көпірі бар тасжол.Ал жолдың бойында демалыс алаңдары мен автобус тұрақтары тұрғызылды. Сондай-ақ, Оралдан Қазталовқа дейінгі сапарға жұмсалатын уақыт 3 есеге қысқарғанын да атап өткен жөн.
Бұл бағыттағы автомобиль жолдарын дамытудың арқасында Ресей Федерациясына (Астрахань, Волгоград облыстары) тікелей шығуға мүмкіндік туады. Демек, жүк тасымалымен жолаушылар ағыны ұлғаймақ. Ал бұл өз кезегінде Батыс Қазақстан облысына іргелес елді мекендердің дамуына қосымша серпін береді.