Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен әйелдерді әлеуметтік бейімдеу және психологиялық оңалту маңызды. Дәстүрлі емес діни ағымдағы әйелдерді радикалды көзқарастан арылту жұмысы, оларды ақпараттандыру, әлеуметтендіру, құқықтық, діни сауаттылығын арттыру және нәтижесінде дәстүрлі діни көзқарасқа қайтару сатыларынан тұрады.
Әйелдер қауымының деструктивті діни ағымдарға бет бұруына әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді үгіт-насихат жұмыстары, эмоциялық әлсіздігі, психологиялық тәуелділігі, сенгіштігі, отбасылық қысымдарды көп көруі, діни сауатының төмендігі және т.б. әсер етеді. Дәстүрлі емес исламдық көзқарасты ұстанатын әйелдердің көпшілігі нағыз діни мәдениетті дәріптейтін және түсінік беретін әдебиетпен таныспаған, жалпы өздерінің құқықтары мен міндеттерінен бейхабар. Сонымен қатар, әйелдердің білім деңгейінің, әлеуметтенуінің және қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің төмендігі. Дәстүрлі емес ағымдағы әйелдер қоғамнан оқшауланған, туыстарымен қарым-қатынасы тұрақты емес, қоғамның даму үрдісінен ажырап қалған. Әлеуметтік – тұрмыстық салада қиындықтардың орын алуы да бар. Дәстүрлі емес көзқарастағы әйелдердің жұмыс істеуден бас тартушылары да бар, жұмысқа орналасқысы келетіндерінің өзі кәсіби біліктілігінің жоқтығына және ер адамдар бар ұжымда жұмыс істеуді құптамағандықтан (діни көзқарасы шектеулі) жұмыс таба алмайды.
Кеңінен атқарылып жатқан жұмыстардың басым бағыттары төмендегідей:
Тәрбие отбасынан басталатындықтан, басты іс-шараларды ата-аналар арасында өткізу міндетті. Орталық қызметкерлері әйел жамағатының сеніміне кіріп, тығыз байланыс орнатып, дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеп, оңалтып, бейімдеу мақсатында «4 апта 4 қадам» жобасын тұрақты, нәтижелі түрде қолданып келеді. Аталған жоба «Әлеумет», «Харекет», «Руханият», «Мәдениет» атты 4 қадамнан тұрады.
- Бірінші қадам – Әлеуметтік-құқықтық кеңестер және жұмыспен қамту ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен арнайы кездесулер өткізу;
- Екінші қадам – «Харекет», практикалық шеберлік сабақтары: кесу және тігу, тоқу, кондитерлік өнімдер (Әлеуметтік желілерде тауарларды жылжыту бойынша сарапшылар мен «Атамекен Одағы» коммерциялық емес өзін-өзі басқарушы ұйымының өкілдері жеке кәсіптерін ашудың мүмкіндіктері туралы және сол әйелдер жеңе алатын түрлі гранттар туралы хабардар етуге шақырылады);
- Үшінші қадам – «Руханият», Орталықтың теологтарымен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен түсіндіру кездесулері;
- Төртінші қадам – «Мәдениет», ұлттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіру.
Осыдан бөлек Орталық психолог мамандары, діни бірлестіктермен және мемлекеттік органдармен келесі міндеттерді іске асырады:
- Деструктивті діни ағым ұстанушы әйел жамағатымен байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынас дағдыларын қалпына келтіріп, сеніміне кіру;
- Жеке әңгімелесулер арқылы тұрақты байланыс орнату;
- Психологиялық-теологиялық мінездеме қалыптастыру;
- Діни сенімді қабылдағанға дейінгі тұлғалық картасын жасау;
- Психологиялық оңалту, әлеуметтік оңалту және зайырлы құндылықтарға бейімдеу;
- Қарым-қатынас дағдыларын қалпына келтіріп, өзіндік бағасын және өзіндік сана-сезімін жоғарылату;
- Құндылықтық бағдарларын реттеу немесе қайта орнықтыру;
- Тұлғаның радикалдану деңгейінің төмендетіп, білімдік пен кәсіптікке дағдыландыру;
- Әлеуметтік мәртебесінің тұрақтандыру, қоғамдық қатынастарын қалпына келтіру;
- Зайырлы құндылықтарға бейімдеу, дүниетанымын кеңейту, тұйықтықтан арылтып қызығушылықтарын арттыру.
Радикалды ағымдардың мақсаты – дін мен дәстүрдің сабақтастығын үзіп, дәстүрлі рухани құндылықтарды жоққа шығарып, зайырлылыққа теріс көзқарас қалыптастыру болып табылады. Деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алып, күресу үшін Орталығымыздың қызметкерлері өз істерін нәтижелі атқаруда.
Тұжырымдай келгенде, рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдің рөлі мен мүмкіндігі орасан зор. Әйелдер тек діни салада ғана емес, білім, тәрбие, құқық, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау салаларында кешенді жұмыстар жүргізуге әлеуетті болғандықтан әйелдер аудиториясында оңалту және бейімдеу жұмыстарын жүргізу мәселелері тұрақты атқарылып жатыр.
А.Айтенова,
Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының психологі