Теміртауда қаланың 75 жылдығына орай жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Әртүрлі спорт түрлеріне арналған залдары бар қазіргі заманғы ғимарат Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынды.
Нысанның құрылысы 2019 жылы “АрселорМиттал Теміртау” компаниясының қаражатымен басталды. Кең залдарда бір уақытта 320 адам спортпен айналыса алады. Мұнда күрес, футбол, баскетбол, бокс рингі және көрермендерге арналған стендтер бар.
Жаңа ДСК-ға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, “АрселорМиттал Теміртау” АҚ Бас директоры Биджу Наир және дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев келді.
– Бұл – бұқаралық спорттың дамуына серпін беретін заманауи нысан. Спортпен шұғылданатын жастар өз қажеттіліктері мен амбицияларын қанағаттандыра алады. Болашақта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің осындай мысалдары көбірек болуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ол келесі жылы Теміртаудағы “Металлург” стадионына күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Бұл үшін облыс бюджетіне қажетті қаражат жоспарланды.
Қала мерейтойына арналған тағы бір сыйлық қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында ашық теннис корты болды. Оны “Имсталькон” компаниясы ұсынды.
Теміртаудың іскер әйелдер кеңесі де шетте қалған жоқ. Бизнес-ханымдар қалаға алма бағын сыйлады. Оның негізін қалау рәсіміне Жеңіс Қасымбек қатысты. Теміртаудың мерейтойына орайластырылып 30-дан астам жас ағаш отырғызылды.
– Менің ойымша, ағаш отырғызу және туған қаланы өзінің туған күнінде безендіру дәстүрі бізде тамыр алады. Бұл бақ теміртаулықтардың серуендейтін сүйікті орындарының біріне айналады деп үміттенемін, – дейді Теміртау іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Марина Шиллер.
Сол күні облыс әкімі Ұлт Көшбасшысының замандастары Қуаныш Омашев, Нина Вахитова, Тоқтархан Ысқақов, Ермек Төлеубаев және Виктор Никоновпен кездесті. Олар қаланың даму перспективаларын талқылады.