08Қоғам

Індетке қарсы шаралар күшейтілді

Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі әлемдік сарапшылар болжап отырған коронавирустық инфекцияның екінші толқынына деген дайындық шараларын жалғастыруда.

Тараз қалалық перзентхананың бос тұрған ғимараты инфекциялық аурухана ретінде қайта жабдықталуда. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 200 төсектік аурухананы қыркүйек айының ортасына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Т.Рысқұлов ауданында 150 орындық туберкулез ауруханасы жұқпалы аурулар ауруханасы болып қайта ашылды.

Қазіргі таңда облыстаы жеті зертханада тәулігіне 400-500 ПТР-тестілеу жүргізілуде. Пандемия басталғаннан бері 110 мыңнан астам сараптама жасалынған.

Облыстың медициналық ұйымдары 179 ӨЖЖ, 706 оттегі баллонымен, 542 оттегі концентраторымен, 1009 импульстік оксиметрмен, қышқыл-сілті жағдайын анықтауға арналған 14 аппаратпен, 19 сандық рентген, 10 КТ және 7 МРТ қондырғысымен жабдықталған.

Қосымша қажеттілікке байланысты ағымдағы жылдың қазан-желтоқсан айларына дейін бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен 74 ӨЖЖ аппаратын, жеті компьютерлік томографияны, төрт цифрлық рентген аппаратын, сегіз жылжымалы медициналық кешен, төрт оттегі станциясын, екі ЭКМО аппаратын, 61 жедел жәрдем автокөлігін және 100 көпфункционалды төсектер сатып алу жоспарланған.

«Бірыңғай дистрибьютор стационарлық қамтамасыз ету шеңберінде облыстың медициналық ұйымдарына сомасы 4,3 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізген. Оның 691,45 миллион теңгесі коронавирустық инфекцияның алдын алуға және емдеуге бағытталған. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша стационарларда бір айға жетерлік, амбулаторияларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан», – деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов.

Сырқаттарды тексеруден туындайтын мәселелер бойынша аймақтық дәрігерлерге кеңес беру үшін өңірлік ситуациялық орталық құрылған десек, оның құрамына салалық мамандар енеді. Орталық жұмысы жедел жәрдем станциясының базасында ұйымдастырылған.

«Облыс бойынша 5000 және одан да көп адамға арналған 214 мобильді әмбебап бригада құрылды. Аудан, қала әкімдіктері оларды көлікпен қамтамасыз етті. Жалпы, 4340 медицина қызметкері пандемияға қарсы шараларды күшейту бойынша оқудан өтті»,- деп қорытындылады Х.Мырзақасымов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button