Елордада пластик, қағаз және шыны қалдықтарын жинауға арналған торлы контейнерлер орнатылып жатыр.
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, қазіргі уақытта осындай он бокс қойылған. «Жаңа контейнерлер аула алаңдарына орнатылды. Олар қайта өңдеуге жарайтын пластик, шыны, қағаз сияқты қалдықтарды жинауға арналған. Олар жанбайтын металлдан жасалды. Кішігірім қоқысты тастауға болатын арнайы қақпағы бар. Тордың ішіндегі қалдықтарды көруге болады. Ал сыртында пластик, қағаз, шыны мен металл тастауға арналғаны жазылған», – деді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Алмаз Рысалиев.
Бұл – пилоттық жоба. Атап өтілгендей, қазіргі сары түсті контейнерлерді өртеу жағдайлары жиі болады. Сондай-ақ қоқыс сұрыптамай тасталады. Осы ретте өртке төзімді торлы контейнерлерге көшу шешімі қабылданған.
Қазір елорда аумағында 6 мыңнан астам сары контейнер бар.
«Еске сала кетейік, астанада қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинауды ұйымдастыру жобасы 2018 жылдың маусым айында басталды. Сары контейнерлер құрғақ қалдықты, яғни металл, пластик, қағаз бен шыныны салуға көзделген. Ал жасыл түсті және цинктелген контейнерлерге тамақ және органикалық қалдықтарды лақтыру қажет», – деді әкімдіктен.