Денсаулық

Ресурстар жеткілікті, біз жеңеміз – А. Цой

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны күн сайын өсіп 30 маусымдағы жағдай бойынша 40 мыңға жуықтағанын жеткізді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинте айтты.

Министр вирустың симптомды, симптомсыз тасымалдаушылары да бірдей қауіп төндіретінін, сондықтан жағдайды кешенді бағалап, жедел әрекет ету үшін жұқтырғандардың осы екі санатын ескерудің маңыздылығын атады. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлері жұқтырылған пациенттермен тікелей байланыста болғандықтан өздері де ауру жұқтырып, кадр тапшылығын күшейтетінін алға тартты. Алайда, оның айтуынша ресурстар жеткілікті.

«Ресурстар жеткілікті, біз вирусты жеңеміз. Үкіметтік шаралардың жаңа пакеті жағдайды тұрақтандыратын боладыды», – деді министр А. Цой.

Дәрі-дәрмектердің алдын ала тапшылығы туралы жалған ақпараттың таралуына байланысты халық дәрі-дәрмектерді дәріханаларда жаппай сатып алып жатыр.

«Елімізде қажетті препараттардың жеткілікті саны өндіріледі. Дүрлігуді ескере келе, дәрі-дәрмектерді жеткізу және сатып алу ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Қазақстандық өндірушілер ыстықты төмендететін препараттардың ірі партияларын жеткізді, «Ингавирин» (7 мың орам), «Тамифлю» (49 мың орам) препараттарын әкелді. Осы препараттар COVID-19 емдеуде амбулаторлық деңгейде қолданылмайтынын ескере отырып, COVID-19 емдеу хаттамасында нарықта қол жетімді дәрілік препараттарды таңдау кеңейтілді. Халыққа түсіндіру үшін амбулаториялық деңгейде инфекцияны емдеу туралы қарапайым жаднамалар әзірленуде», – деді ҚР ДСМ.

Елімізде кедендік қоймаларда қажетті дәрі-дәрмектердің көтерме партиялары бойынша құжаттарды ресімдеу жүргізіліп жатқан көрінеді. Министр келесі аптада дәріханалардың сөрелеріне қажетті дәрілердің түсетінін айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button