Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТ ОЙЫНДАРЫНА ҚАНДАЙ АТТАР КЕРЕК?

Астана, тамыз 2024 жыл

 

Жылқы тану ғылымының зерттеу, зерделеу аясы өте кең. Алдында тұрған  проблемалар, өзекті мәселелер заман талабына сай жаңа тәсілдермен, әдістемелермен, ғылымның соңғы жетістіктерін қолданып Қазақстан жылқы мәдениетін әлем алдына шығаруды қажет етеді. Сондықтан ат спорт түрлері бойынша арнайы жылқылар сұрыптау, баптау әдістемелері, тамақтануы ғылымға  сүйенуі керек.

Осыған орай, Ұлттық спорт түрлері бойынша спортшылар мен спорттық жылқыларды 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындау және сайыс барысында сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің тапсырмасымен Кешенді ғылыми топ құрылған болатын. Жобаның бас серіктесі  “Самұрық-Қазына” ӘАҚ, серіктесі “Спорт қоры” болып табылады.

“Ұлттық спорттың жоғары мектебі”  жанынан құрылған Кешенді ғылыми топ құрамында елімізге белгілі физиолог, зоотехник, ипполог, спорт психологы, биохимик ғалымдар жұмыс жасап жатыр.

“Жүйрік таңдап, ат баптау – өнер. Қазақтың атадан балаға ғасырлар бойы мирас етіп қалдырып келе жатқан ұлттық өнері.  Соғыс жағдайына әркезде дайын болу үшін кемеңгер, батыр ата-бабаларымыз жорық аттарын көптеп, арнайы дайындап отырған. Сондай аттарды соғыстарға дайындайтын орындардың бірі Шудың  шығыс жағындағы  кең дала, қазіргі Отар полигоны орны болған. Соғыс тәсілдеріне жаттығуларын болашақ сарбаздар жүргізген. Ұлттық ат спорты  түрлерінің көптігінен, біріне бірі  ұқсамайтындығынан  аттарды  дайындау   өте үлкен өнер. Ондай аттарсыз жеңіске жету мүмкін емес”,- дейді ғылыми топтың жетекшісі Н.А.Кикебаев.

Сондай-ақ, ғалым ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктеріне байланысты қай спорт түріне қандай жылқы керектігі жөнінде айтты.

Көкпарға  қандай ат керек? Жүректі, басы қайым, кеуделі, биіктігі шоқтығынан 148-160 см, арқалы, қабырғалы, сіңірлі, сауырлы. Аттар 80-100 кг салмағы бар көкпаршымен жылдам ойын көрсету керек. Өзіміздің жылқылардан – қостанайдың негізгі және далалық жуан түрлері (Хан (Нұртөбе) деген қостанай айғыры – үздік көкпар атты номинациясынан Алтын Тұғыр 2016 ж. ұтқан). Көкпарға қарабайыр, көшімнің мініс түрін, қазақы жылқылардың ағылшынмен, араппен будардарын, қолтумаларынан дайындауға болады.

Қыз қууға – қостанай жылқылары өте бейім. Қазақстанның 5 дүркін чемпиондары.

Аударыспаққа – додаға кіретін, жуан, кеуделі, сіңірлі, мінезді аттар керек. Өз тұқымдарымыздан – қарабайырлар,  будандар тяжеловоз, рысак, қостанай.

Теңге ілуге – шоқтық биіктігі 145-150 см, жылдам, басы қайым, жүрісін бұзбайтын аттар керек. Бұған қазақ жылқыларының  ағылшынмен, қостанаймен будандары жақсы келеді.

Жорға жарыс – рысактардан шыққан жорғалар, американың екі жүрісті стандартбред тұқымы және қазақи  жорғаларға осы айғырларды салып будан алу.

Бәйгенің әр түріне – ағылшын, араб, қостанай және осы тұқымдардың қолтума будандарын сұрыптау керек.

Ұлттық спортты дамыту аясында тұқымдарымызды  дамытатын үлкен селекциялық жұмыстарды кешенді түрде атқаруға ғылыми шешімдер ауадай  қажет.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button