ТЖ кезінде 5,6 миллионнан астам қазақстандық әлеуметтік көмек алды
Төтенше жағдай кезінде 5,6 миллионнан астам қазақстандық мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке ие болған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
“Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты енгізілген Төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) кезінде 4,6 миллион қазақстандық “42,5 мың теңге” әлеуметтік төлем алды, 1 миллионнан астам адам азық-түлік топтамасымен қамтамасыз етілді. Қазақстанда 16 наурыздан 10 мамырға дейінгі ТЖ режимі кезінде мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары қабылданды. Қысқа мерзімде, бірнеше күннің ішінде, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысын жоғалтқан адамдарға ең төменгі жалақы мөлшерінде мүлдем жаңа төлем – 42 500 теңге енгізілді. Бұл төлем бұған дейін жұмыс істеп келіп, мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған азаматтарға арналған. Әлеуметтік төлемге 8 миллион азамат өтініш беріп, критерийлерге сәйкес келетін 4,6 миллион адамға барлығы 321,9 млрд теңгеге көмек тағайындалды”, – деді министр.
Оның сөзінше, ТЖ режимін енгізу әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына кері әсер етпеуі үшін 24 қызмет жедел түрде egov.kz порталындағы “Электрондық өтініштер” сервисіне орналастырылған.
“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу салдарынан (тиісті бос жұмыс орны болмаған кезде) төлем жасау процесін жеделдету мақсатында жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі 14-тен күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. ТЖ кезінде 108,9 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды. Сондай-ақ, осы кезеңде мүгедектік және мүгедектік бойынша төлемдер автоматты түрде 3 айға ұзартылды”, – деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол мұқтаж азаматтарға арналған азық-түлік жиынтығының ең төменгі құрамы бекітіліп, оны берудің арнайы тәртібі жасалғанын атап өтті.
“ТЖ кезінде 1 миллион 45 мың азамат- АӘК алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі 202,7 мың бала, 109,6 мың тіркелген жұмыссыз, 648 мың мүгедек бала, I, II және III топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған 84,9 мың адам азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді”, – деп толықтырды ол.
Бұдан бөлек министр 2020 жылы 6 мыңнан астам адам оралман мәртебесін алғанын атап өтті.
“Осы жылдың 5 айында 6,3 мың этникалық қазақ оралман мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи отанына қайта оралды, олардың бәрі оралман мәртебесін алды. Бұл еліміздегі халықтың 6%-ын құрайды. Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Республикамызға 3245 отбасы (6361 этникалық қазақ) көшіп келді, оралмандар мен қоныс аударушылардан тұратын 631 отбасы (2224 адам) қабылдау өңірлерінде (Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) орналасты”, – деді министр.
Сондай-ақ Біржан Нұрымбетов биыл 13 мамырдағы Мемлекет басшысы көші-қон процестерін жетілдіру туралы заңға қол қойғанын атап өтті. Оның сөзінше, онда бірқатар жаңа ереже енгізілген.
“Қандас” түсінігінің жаңа нұсқасы. Оған сәйкес этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмағандығы басты өлшем болып табылады, жергілікті атқарушы органның оралман мәртебесін алты айдан аспайтын мерзімге, бір рет жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында ұзартуы, атажұртына оралған қандастарымыздың тұрақты тұруға рұқсат алу үшін де, Қазақстан азаматтығын алу үшін де құжаттарды бір уақытта ұсыну құқығы болуы жөнінде жаңа ережелер енгізілді”, – деді министрлік басшысы.
Сонымен қоса ол сыртқы еңбек көші-қоны туралы айта келіп, министр шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы, 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайғанына басты назар аударды.
“Жыл басынан бері 7,7 мыңнан астам ШЖК тартуға рұқсат берілді. Жұмыс берушілер 2,8 миллиард теңге көлемінде салық төледі. Бұл ретте кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету талабын орындайтын компаниялардың үлесі қазір 96%-ды құрап отырғанын”, – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.
Бұдан бөлек министр 2020 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық көрсетілетін қызметтер электрондық форматқа көшірілетінін айтты.
“2020 жылдың соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 100%-н электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Министрлік цифрландыру деңгейі бойынша жетекші мемлекеттік органдардың бірі. Тек 2019 жылдың өзінде ғана әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру 2,2 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді”, – деді министр.
Ол бүгінде Еңбекмині бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, олардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан халқының 100%-ы, яғни 7 млн отбасы қамтылған “Отбасының әлеуметтік картасы” жобасы. Осы әлеуметтік карта әрбір отбасы қандай өмірлік жағдайда екенін, күрделі немесе дағдарыс ахуалдан шығару бойынша жұмыс алгоритмін көрсетеді.
“Әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін күрделі және дағдарыс жағдайында болған 101 мың отбасы анықталды. 12,7 мың адамды жұмысқа орналастыру, 68,8 мың азаматты емханаларға тіркеу, 72,9 мың баланы балабақшалар мен мектептерге тіркеу бойынша шаралар қабылданды. 1451 отбасы күрделі және дағдарыс жағдайынан шығарылды”, – министрлік басшысы.
Бұдан бөлек тағы бір маңызды жоба “Қазақстан азаматының әлеуметтік ID” жобасына тоқталып өтті.
“Бұл жоба әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығын, ыңғайлылығын арттыруға бағытталған. Әлеуметтік ID бұл атаулы әлеуметтік көмек, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді төлеуді, көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына мектептерде тегін тамақтануды көздейді. Жобаның пилоттық нұсқасы Республиканың 9 өңірінде іске асырылды. 102 мың ID-карта берілді, 88 мың транзакция жүргізілді. Болашақта біз бұл жобаны барлық өңірлерде толығымен қолдануды жоспарлап отырмыз”, – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ ол жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласында “Электрондық еңбек биржасы” (бұдан әрі – ЭЕБ) және “Электрондық еңбек шарттары” жобалары іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.
“Бүгінгі таңда ЭЕБ – бұл 214 мың жұмыс беруші, миллиондай жұмыс іздеуші, Coursera онлайн білім беру платформасы арқылы 1,5 мың сағатқа жуық тегін сабақтар. ЭЕБ арқасында 1,2 млн-нан астам адам жұмыс таба алды, олардың ішінде 868 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, 341 мыңы уақытша жұмысқа орналастырылды. “Электрондық еңбек шарттары” жобасына 35 мың ұйым қосылған. Ендігі 1,4 млн электрондық шарт тіркелді, бұның өзі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға ықпал ететін болады. 2019 жылдың басында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлігінде электрондық қызметтердің үлесі 42%-ды құрап еді, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ол 83%-ға артты. Бұндай өсімге Еgоv порталындағы 6 мемлекеттік көрсетілетін қызметті орналастыру және 10 қызметті белсенді форматқа ауыстыру арқылы қол жеткізілді”, – деді министрлік басшысы.
Оның сөзінше, 2020 жылдың соңына дейін министрлік электрондық қызметтердің үлесін 100%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.