Басты жаңалықЖаңалықтар

Берекелі «Бесарықтағы» ілкімді істер

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, «Бесарық» ауылындағы жаңа жобалармен танысты. Бұл ауыл «Үлгілі елді мекен» байқауында жеңімпаз атанып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырды. Биыл да ауылда жаңа бастамалар қолға алынып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Алдымен, аймақ басшысы «Абай-Дәулет» ЖШС бастамасымен негізі қаланған фри зауыты мен супермаркеттің құрылыс алаңына барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында өндірісті, шағын және орта кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытып, бәсекелестік арқылы бәріне бірдей мүмкіндік беру қажеттігін атап өткен. Аймақта осы бағытта жүргізіліп жатқан ауқымды жобалардың қатарында «Бесарық» ауылындағы жаңашылдықтар да бар.

Өткен жылы Қызылордада серіктестіктің «Kaz Fries» мұздатылған фри өндірісі зауыты пайдалануға берілгені белгілі. Жаңа зауыттан шыққан жартылай дайын өнім қолжетімді бағада халыққа ұсынылды. Сонымен қатар, өнім көрші өңірлерге, тіпті шет елдерге экспортталуда. Фри зауытында сағатына 300 келі өнім шығарылады, бұл кәсіпорын 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта осындай фри өндірісі «Бесарықта» да іске қосылады. Мұнан бөлек, серіктестік ауыл тұрғындары үшін заманауи сауда үйін салуда. Бұл тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға зор мүмкіндік береді.

Облыс әкімі «Бесарықтың» мәдениет үйіне барған кезде, мұндағы жұмыстармен танысты. Ауылдық мәдениет ошағы 1979 жылы салынған, қазіргі уақытта ғимарат қайта жаңғыртылуда. Ғимараттың заманауи талаптарға сай болуы үшін арнайы жобалар әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Көрермендер залының төбесі, сахналық төсеніші, пердесі мен орындығы жаңартылып, музыкалық аппаратура және ЛЭД экран қойылады. Сонымен қатар, мәдениет үйіндегі кітапхана қайта жабдықталады. Жөндеу жұмыстарына «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілік еткен, бұл мәдениет ошағының жаңаруы ауыл тұрғындарының мәдени өмірінің жандануы үшін маңызды.

Ауылдағы орталық алаңның жөндеуі де назардан тыс қалмады. Серіктестік бұл мақсатқа 65 млн. теңге қаражат бөлді. Алаң ортасына субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылып, тұрғындар үшін демалыс орнына айналдыру жоспарлануда. Мұндай жобалар ауылдың эстетикалық келбетін жақсартуға, қоғамдық орындарда тұрғындардың уақыт өткізуіне мүмкіндік туғызуға бағытталған.

Аймақ басшысы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа ауылдағы нысандарды мерзімінде салып бітіру, олардың сапасын жіті қадағалау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, ғимараттар аумағын абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. «Бесарық» ауылында жүргізіліп жатқан жұмыстар — бұл тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмей, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыруға, ауылдың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған кешенді шаралар.

Аудан тұрғындары мен әкімдігі арасында ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында түрлі кездесулер мен семинарлар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бағытта ауыл тұрғындарының пікірлері мен ұсыныстары да назарға алынатын болады.

Облыс әкімінің жүргізген сапары мен таныстыру шаралары ауылдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынын арттырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жандандыра түсуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button