Түркістан облысында 2024 жылғы шомылу маусымының қорытындысы шығарылды
2024 жылғы шомылу маусымының қорытындысы 17 қыркүйекте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник А.Төлешевтің төрағалығымен өткізілген жиында шығарылды. Жиын барысында шомылу маусымы кезеңінде атқарылған жұмыстар мен тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Жиынның негізгі мақсаты шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жасалған шараларды бағалау, сондай-ақ, шомылу маусымын ұйымдастыру барысында көрсетілген тиімділік пен қол жеткізілген нәтижелерді талқылау болды. Полковник А.Төлешев жиын барысында шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін коммуналдық жағажайларды ашып, ұйымшылдықпен жұмыс істеген бірқатар аудан әкімдіктеріне алғыс хаттар тапсырды.
Жиын барысында қала, аудан Төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдері арасында рейтинг жасалып, орындармен грамоталар тапсырылды. Бұл марапаттар шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарды ынталандыру мақсатында берілді. Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті билік және басқа да ұйымдардың арасында тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өту маңызды.
2024 жылғы шомылу маусымы барысында Түркістан облысында азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Шомылу орындарында құтқарушылар, патрульдер мен қауіпсіздік жүйелері жұмыс істеді, ал тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтары туралы ақпараттар берілді.
2024 жылғы шомылу маусымының қорытындысы Түркістан облысы үшін оң нәтижелермен өтті. Жиында талқыланған шаралар мен атқарылған жұмыстар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді әрекеттер бұл саладағы қызметтердің сапасын арттыруға және шомылу маусымында қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесті. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті болашақта да шомылу маусымдарын ұйымдастыруда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастыруға ниетті.