Түркістан облысында «Оттан сақ бол!» акциясы ұйымдастырылды
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Оттан сақ бол!» акциясын ұйымдастырды. Бұл шара студенттер мен университет қызметкерлеріне жылыту маусымы кезіндегі өрттің алдын алу, қауіпті жағдайлардан сақтану, сондай-ақ жатақхана бөлмелеріндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында өткізілді.
«Оттан сақ бол!» акциясының басты мақсаты – жастарға және университет қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат беру, өрттің алдын алу шараларын үйрету. Жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлерде, әсіресе жатақханаларда өрт қауіпсіздігін сақтау маңызды, сондықтан да бұл акцияның өткізілуі өзекті.
Акция барысында ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, студенттер мен қызметкерлерге қауіпті жағдайларды болдырмау жөнінде маңызды ақпарат берді. Сонымен қатар, өрттен күйік шалған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері де үйретілді. Студенттер өз кезегінде оқу барысында алған білімдерін практикада қолдану мүмкіндігіне ие болды.
Акция шеңберінде студенттерге өрт сөндіру құралдары таныстырылды. ТЖД қызметкерлері өрт сөндіру кезінде қажетті құралдарды қалай пайдалану керектігін көрсетті. Бұл білім студенттердің төтенше жағдайларда жедел әрі дұрыс әрекет етуіне көмектеседі.
Студенттердің акцияға белсенді қатысуы, қауіпсіздік шараларын меңгеруге деген ынтасы байқалды. ТЖД қызметкерлері жастарды қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, өрт қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Оттан сақ бол!» акциясы білім алушылар мен университет қызметкерлерінің төтенше жағдайларға дайындығын арттыру, қауіпсіздік ережелерін сақтау, сондай-ақ жылыту маусымында өрттің алдын алу мақсатында маңызды іс-шара болып табылады. ТЖД қызметкерлерінің мұндай акциялары жастар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға, өрттің алдын алу шараларын түсіндіруге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.