ШҚО ТЖД-да кәсіби өрт сөндірушілер мен құтқарушылар командалары арасында жарыс өтті
Дүниежүзілік алғашқы көмек көрсету күні және Апаттар медицина орталығының құрылғанына 30 жыл толуына орай Шығыс Қазақстан облысы ТЖД-да кәсіби өрт сөндірушілер мен құтқарушылар командалары арасында жарыс өтті.
Түрлі төтенше жағдайларда зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету қажет болды. Апатқа ұшырағандардың рөлін «Жас құтқарушы» орталығының тәрбиеленушілері ойнады, олар шұғыл жағдайды шынайы түрде көрсетті. Көмекке келген мамандар іс-қимылға жылдам кірісті, себебі әр секунд есепте тұр. Сынықтар, ұзақ қысу синдромы, күйіктер, қан кетулер кезінде көмек көрсету қажет болды. Қатысушылар арнайы манекенде реанимациялық іс-қимылдарда да өз дағдыларын көрсетті.
Жарысты ұйымдастыруға ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы филиалының қызметкерлері үлкен көмек көрсетті.
«Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оқиға орнына бірінші болып келеді, өйткені алғашқы көмек көрсету дағдылары – бұл олардың жұмысындағы қажеттілік. Адамға зиян келтірмеу, бәрін де жедел және дұрыс жасау өте маңызды», – деп ТЖД мамандандырылған жасағының бастығы Аян Қисамбин атап өтті.
Жарыс төрешілері, Апаттар медицинасы орталығы филиалының дәрігерлері және ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы филиалының қызметкерлері тура және әділ бағаларын беріп, кемшіліктерді атап көрсетті.
«Сайысқа қатысушылардың әрқайсысы жинаған қорытынды балдарына қарамастан жеңімпаз болып табылады, өйткені мұндай іс-шаралар білімді, іскерлікті және көмек көрсету дағдыларын жетілдіруге көмектеседі, сондай-ақ осы білімді халыққа жеткізуге ықпал етеді», – деп ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы филиалының директоры Шолпан Қасенова атап өтті.
ШҚО дәрігерлері жүрекке электронды қүрылғыларды имплантациялау оталарын сәтті жүргізуде
Өмір сүру ұзақтығы өскен сайын электронды құрылғыларды имплантациялаумен емделетін аурулардың ауқымы кеңейе түсуі заңды. Кардиологияда оларға электрокардиостимуляторлар, дефибрилляторлар, жүрек ресинхронизаторлары жатады. Олар кенеттен болатын өлімнің алдын алу үшін, брадикардия, тахикардия және жүрек жеткіліксіздігі сияқты дерттерді емдеу үшін қолданылады. Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының дәрігерлері жыл сайын осы бағыттағы технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруда. Олар МӘМС шеңберінде электронды құрылғыларды имплантациялау оталарын сәтті орындап жүр.
-Заманауи медицинаның жетістіктері жүрек-қан тамырлары ауруларымен, соның ішінде өмірге қауіп төндіретін аритмиямен ауыратын науқастарға көмек көрсету аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл орайда кардиостимуляторларды, дефибрилляторларды-кардиовертерлерді және қайта синхрондау құрылғыларын имплантациялау маңызды рөл атқарады. Жақында біз облысымыздың үш тұрғынына осындай имплантация жасадық, — дейді ШҚ облыстық мамандандырылған медициналық орталығының инновациялық медицина бөлімінің резидент-дәрігері Ғұмар Каденов.
Дәрігердің айтуынша, Алтай ауданының 72 жастағы тұрғыны Надежда Бригаденко ауруханаға жүрек қағысы бұзылып (аритмия), өміріне үлкен қауіп төнгенде түсіпті.
-Науқасқа имплантацияланған
арнайы кардиовертер-дефибриллятор баяу немесе жылдам импульсті ғана емес, сонымен қатар прогрессивті жүрек жеткіліксіздігін де реттейді, — деп түсіндірді мамандар.
Надежда Александровна өмірін сақтап қалған дәрігерлерге өте риза екенін жеткізді.
-Маған деген мейірімділіктері мен қамқорлығы үшін алғысым шексіз! Орталықта нағыз алтын қолды, кәсіби дәрігерлер істейді. Олар мені отбасыммен, немерелеріммен қауыштырды, өмір сыйлады, – дейді Надежда Александровна толғаныспен.
Өскемен қаласының 59 жастағы тұрғыны Нұрлан Тоқсанғалиев та ұзақ жылдар бойы жүрек ауруымен ауырып келеді. Жүрегінің кенеттен тоқтап қалу қаупі бұл кісіде де жоғары болған.
Ғұмар Қаденовтың түсіндіруінше, науқасқа жүрек соғу жиілігін үнемі талдап тұратын кардио-дефибриллятор орнатылды, құрылғы жүрек қағысы күрт төмендеген жағдайда аздаған ток разрядымен жүректі қайта «іске қосады».
Бұл жоғары технологиялық медициналық көмек науқасқа МӘМС аясында жүргізілгенін айта кеткен жөн. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, бір осындай аппараттың ғана құны шамамен бес миллион теңге. Тағы бір науқас, Тарбағатай ауданының 63 жастағы тұрғыны Мәншүк Әділоваға құны сегіз миллион теңгеге жуық кардио-ресенхрондау терапиясы аппараты имплантацияланды.
-Мен дәрігерлерге өте ризамын, МӘМС жүйесі не үшін қажет екенін енді түсіндім. Мен мұндай соманы мен сегіз жыл жинасам да, жинай алмас едім,— деп бөлісті бізбен сонау Ақжар ауылынан келіп, көмек алған Мәңгілік Әскербекқызы көзіне жас алып.
Мамандардың айтуынша, жүректі қайта синхрондау терапиясының арқасында созылмалы жүрек аурулары бар науқастардың жағдайлары тұрақты түрде жақсарады және симптомдары азаяды. Бұл технологиялар дәрі-дәрмекпен емдеу тиімді нәтиже көрсетпеген науқастарға қолданылатынын ескерте кеткен жөн. Қазір ота жасатқан науқастардың барлығы аман-есен үйлеріне шығарылды, олардың денсаулығы әлдеқайда жақсарғаны байқалады.