Басты жаңалықЖаңалықтар

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілді

Денсаулық сақтау министріне ШҚО-ның денсаулық сақтау саласындағы жағдай туралы есеп берілді.

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау бойынша өңірлік алқа отырысына қатысты. Отырыс барысында аймақ халқының денсаулық жағдайы туралы есеп беріліп, медициналық көмекті ұйымдастырудағы ең басты мәселелер талқыланды.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев өзінің баяндамасында бірқатар негізгі аурулардың төмендегенін ерекше атап өтті. Мәселен, қан айналым жүйесі ауруларының саны биыл 16%-ға азайды, алайда бұл көрсеткіш әлі де болса орташа республикалық деңгейден асып тұр, ол профилактиканың жеткіліксіздігі мен тәуекел тобы арасынан аурудың көп анықталуымен байланысты. Мұндай үрдіс онкологиялық аурулар мен туберкулезге қатысты да байқалады, бұл скринингтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мен ерте диагностика бойынша шараларды күшейтуді қажет етеді.

Жыл басынан бері өңірдің босанатын әйелдерге дәрігерлік жәрдем беретін мекемелерінде 4228 әйел босандырылып, соның ішінде 20 қиын босану жағдайы тіркелді. Алайда медицина мамандарының жұмыла кіріскен жұмысының арқасында бірде бір ана өліміне жол берілген жоқ.

Өңірде ана мен бала өлімін азайту бойынша кешенді шаралар қабылданады. Әсіресе, мамандар шетелдерде біліктілігін арттырып, босандыру бөлімшелерінің материалдық-техникалық жабдықтары жақсартылуда, сонымен бірге аудан ауруханаларынаа облыстық деңгейдегі бас дәрігерлердің кураторлық ету жүйесі енгізілуде.

Кадрлық қамтамасыз ету мәселесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан әлеуметтік және қаржылық қолдаудың арқасында соңғы жылдары жас дәрігерлерді жұмысқа тартып, сонда қалдыру мүмкін болды. 2024 жылы өңірге дипломы бар 22 маман келді, оның ішінде жалпы тәжірибелі 7 дәрігер және 15 салалық тар бейінді маман бар. Резидентурадағы тағы 14 маманды оқыту көзделуде.

Сонымен қатар Өскемендегі гематология орталығы мен Риддер қаласындағы көпбейінді ауруханалық кешенді қоса алғанда бірқатар маңызды медициналық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүріп жатқаны айтылды.

Отырыста жедел медициналық көмек қызметінің сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем қызметкерлерінің жанкешті еңбегі адамдар өмірін сақтауда негізгі рөл атқаратынын атап айтты.

“Жедел жәрдем фельдшерлері – қиын жағдайда қалғанда бірінші болып көмекке келетін мамандар. Сіздердің жұмысыңыз болмаса медициналық көмекті сапалы әрі уақытында көрсету мүмкін болмас еді”, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Министр клиникалық өлім жағдайында жатқан екі ер адамның жанын сақтап қалған дәрігерлер мен фельдшерлерді марапаттады. Марапатталғандар:

  • Моторина Елена Геннадьевна, жедел жәрдем көшпелі бригадасының дәрігері, жалпы жұмыс өтілі — 30 жылға жуық;
  • Нұрмұханбет Еламан Ерболатұлы, жедел жәрдем көшпелі бригадасының фельдшері, жұмыс өтілі — 6 жыл;
  • Шаймұратов Руслан Шалқарұлы, жедел жәрдем көшпелі бригадасының фельдшері, жұмыс өтілі — 5 жыл;
  • Салим Мағжан Азаматұлы, жедел жәрдем көшпелі бригадасының фельдшері, жұмыс өтілі — 5 жыл;
  • Абдулдинова Маржан Тұрсынқызы, шақыртуды қабылдау бойынша фельдшер, жалпы жұмыс өтілі — 40 жыл;
  • Лақова Шынар Сейтқұмарқызы, шақыртуды қабылдау бойынша фельдшер, жұмыс өтілі — 4 жыл.

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында министр сонымен қатар халықпен кездесіп, соның барысында ведомствоның медициналық көмекті жақсарту бойынша шаралары туралы баяндады.

“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау жүйесінде қазіргі таңда медициналық көмектің науқастарға бағдарланған үлгісін қалыптастыру мақсатында саланы жаңғырту және түбегейлі қайта өзгертуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Салалық тар бейінді мамандарға кіру оңайлатылып, профильді мамандарға өз бетінше жазылу ұйымдастырылуда және жоспарланған қабылдаулар енгізілуде”,- деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Министрдің жеке қабылдауына келген өңір тұрғындары МӘМС аясында тіс протездеуге қолжетімділік туралы мәселелерді көтеріп, сонымен қатар медицина қызметкерлері жетіспеушілігі проблемасы өткір тұрған моноқалаларға жас мамандар тарту бойынша ұсыныс-тілектерін айтты.

Риддер қаласы тұрғындарының бірі алдағы уақытта жүргізілетін қыздарды адам паппиломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау туралы сұрақ қойды. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы бұл вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденгенін және әлемнің 135 елінде вирустың анағұрлым онкогенді түрлерінен қорғану үшін қолданылатынын жеткізді. АПВ-на қарсы вакцинация Қазақстанның ұлттық иммундау бағдарламасына 2024 жылы наурызда енгізілді және ол жатыр мойны обыры мен онкологияның өзге де түрлерінің алдын алуға қолданылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button