Басты жаңалықЖаңалықтар

Гала-концертте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті

Бүгін Республика сарайында өткен Қызылорда облысының Алматыдағы өнер күндері аясындағы “Сұлу Сырдан – ару Астанаға” атты гала-концертте Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Гала-концертті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері тамашалады. Оркестр Р.Балмасовтың дирижерлігімен концерттік бағдарламаны сүйемелдеп, М.Сыздықовтың “Батыр баба”, И.Ысқақовтың ” Күрішшілер биі” туындыларын орындады. Ғасырлар қойнауынан жеткен қазынаны сахна төрінде жарқыратқан өнер ұжымына көрермен қауым зор қошемет көрсетті.

Оркестр облыстық филармония жанынан 2007 жылы құрылған. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауын кескен ұжымға шайырдың аты берілді. Содан бері оркестр рухани құндылығымызды дәріптеу, ұлттық өнерді өрістету жолында жемісті жұмыс жасап келеді. Негізгі құрамда кәсіби білікті мамандар еңбек етеді.

Репертуарында халық әндері және Қазақстан композиторларының туындылары, классикалық шығармалар бар. Оркестр облыс әкімдігінің қолдауымен бірнеше мәрте шет елдерге гастрольдік сапармен барды.
Бүгінгі концертте де халық әндерін, күйлерді домбыра, бас домбыра, қобыз, қылқобыз, басқобыз контрабасқобыз, жетіген, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, үрмелі аспаптармен түрлендіріп, тыңдарманнан жоғары баға алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button