Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Өңір басшысы Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевпен және Қазақстанның құрметті журналисі Айтмұхамбет Қасымовпен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі өнер мен әдебиетті дамытуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Осылайша, оқырмандар қауымын кеңейту мақсатында кітапхана қорын, оның ішінде Шығыс Қазақстан авторларының кітаптарын цифрландыру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
– Бүгінгі таңда қарапайым кітаптар сыйлық ретінде әлі де сұранысқа ие. Бірақ адамдардың көпшілігі электронды кітаптарға ауысып жатыр, өйткені бұл өте ыңғайлы. Сондықтан жергілікті жазушыладың әдеби шығармаларын цифрлық форматқа көшіріп, оларды тарату алаңдарын құру жұмыстарын жүргізу маңызды. Сонда біздің дарынды авторларымыз туралы бәрі білетін болады, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жазушы, драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың жоспарын талқылады.