ШҚО ПД-да есірткі қылмысымен күрестің жай-күйі талқыланды
Ағымдағы жылдың 2 тамызында Департамент бастығының орынбасары Такжанов Қазбектің төрағалығымен өткен кезеңдегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы бойынша жедел кеңес өтті.
Сонымен қатар, кеңес барысында ҚР Бас Прокурорының «Есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту туралы»келіп түскен нұсқауы зерделенді.
«Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бүгінгі күні өткір мәселе, ал есірткінің таралу ауқымы мен халық арасындағы нашақорлық деңгейі қатты алаңдатады. Себебі бұл біздің ұлтымыздың денсаулығы мен болашағы. Жыл сайын Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға баса назар аударады. Олардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік күшейтіледі, қылмыстық заңнамаға қылмыстардың жаңа құрамы енгізіледі. Осыған байланысты, Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері есірткі-құқық бұзушылықтарына қарсы іс – қимыл желісі бойынша бірқатар олқылықтарға жол береді», – деп атап өтті полковник Такжанов.
Кеңес барысында ЕҚКІКБ бастығы Дәулет Жұмаділов және оның орынбасары Ринат Икласов, ТБ бастығының орынбасары Денис Ерімбесов баяндама жасады. Баяндамаға сәйкес бірқатар аумақтық бөлімшелер кемшіліктері бойынша тындалып, алдағы уақытта олармен жұмыс жасау бойынша тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 215 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде 117 есірткі қылмысы, 97 өткізу фактісі, 8 өсіру, 1 заңсыз жарнама және 3 нарколаборатория жойылған.
Заңсыз айналым бойынша 63 кг-нан астам есірткі, оның ішінде 49 кг-ға жуық марихуана, 6 кг синтетикалық есірткі және 800 грамнан астам гашиш тәркіленген.
Сондай-ақ, 65 сайт пен әлеуметтік желілерге сілтемелер бұғатталды, оның 25-інде заңсыз мазмұнды, есірткі тасымалдаушы ретінде жұмысқа орналасуды жарнамалайтын ақпарат бар.