Созақ ауданының тұрғыны Нұрсұлтан Әбдіразақов «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды
Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен Созақ ауданының жанашыр тұрғыны Нұрсұлтан Әбдіразақов марапатталды. Бұл награда Нұрсұлтан Әбдіразақовтың табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда көрсеткен батыл әрекеттері үшін берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 28 маусымында Созақ ауданының Таукент ауылында Нұрсұлтан Әбдіразақов таулы жерлерде жоғалған екі жасөспірімді іздеу-құтқару операциясына белсенді түрде қатысты. Оның арқасында іздеу тобы жоғалған балаларды аман-есен тауып, қауіпсіз жерге жеткізді.
Түркістан облысы ТЖД бастығы Асқар Төлешев марапаттау рәсімінде Нұрсұлтан Әбдіразақовтың азаматтық ұстанымын жоғары бағалап, былай деп атап өтті: «Белсенді азаматтық ұстанымыңыз бен азаматтық борышыңызды орындағаныңыз үшін алғыс айтамыз! Көмек қолын созу – нағыз құрметке лайық маңызды адами қасиет. Мұндай қимылға бәрі бірдей қабілетті емес. Біздің өңірде осындай батырлар бар екеніне қуаныштымын. Өскелең ұрпаққа лайықты үлгі алатын адам бар!»
Бұл марапат Нұрсұлтан Әбдіразақовтың адамгершілік және батыл әрекеттерінің жоғары бағалануының белгісі болып табылады. Оның жасаған жақсылығы мен адалдығы өңір тұрғындарына үлгі болып, болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие берері сөзсіз.