Басты жаңалықЖаңалықтар

Ет өнімдерін экспорттауға шектеулер алынып тасталды: Алматы облысынан Қытайға қазақ ет өнімдерінің экспорты басталды

Жиырма жылдан кейін Қытай Қазақстаннан ет импорттауға салған тыйымын алып тастады. Құс өнімдеріне бұл тыйым 2005 жылы енгізілді, ал аусылға шектеулер 2022 жылы белгіленді. 2023 жылдың қарашасында екі елдің өкілдері арасында келіссөздер өтіп, нәтижесінде сауда кедергілерін жою туралы келісімге қол жеткізілді.

Алматы облысының кәсіпкері, «Meat Processing and Service» ЖШС бас директоры Абдрасилов Бақытжан шектеулер жойылғаннан кейін ет өнімдерінің бірінші партиясын, Қытай Халық Республикасының ветеринарлық-санитарлық талаптарына сай келетін 20 тонна сиыр етін сәтті экспорттады.
Бұл кәсіпорын 2009 жылдан бері жұмыс істейді және «Қазақстан ет одағы» республикалық қауымдастығының мүшесі болып табылады. Ол ірі және ұсақ малдың етін өңдеуге және консервілеуге, сондай-ақ малды бордақылауға және союға маманданған. Кәсіпорынның мал басы 1,2 мыңнан асады, ал бордақылау базасы бір мезетте 3 мың басқа дейін малды қабылдай алады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 10 сағатта 200 басқа дейін ірі қара малды және 1000 басқа дейін ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Иран, Саудия, Катар, БАӘ, Оман және Бахрейн елдерімен көтерме ет саудасы жолға қойылған.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов кәсіпорынды аралап, оның экспорттық әлеуетін жоғары бағалап, бұл қадамның өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.


«Бұл жетістік – сапалы ет өнімдерімен ел экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан Алматы облысы шаруаларының еңбегінің жемісі», – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов. «Біз агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі дамуына және Қазақстанның халықаралық ұстанымының нығаюына септігін тигізетін, аймақтың экспорттық мүмкіндіктері одан әрі арта түсетініне сенімдіміз».
Ет өнімдерінің бірінші партиясын Қытайға экспорттау – Алматы облысының агроөнеркәсіп кешені үшін елеулі жетістік. Бұл қадам қазақстандық өнімнің жоғары сапасын растап қана қоймай, ауыл шаруашылығындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа перспективаларын ашады. Біз өңір кәсіпкерлерінің табыстарын мақтан тұтамыз және еліміздің экономикасын нығайта түсетін экспорттық мүмкіндіктердің одан әрі өсетініне сенімдіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button